Астанада да Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтеді

20 шілде, 2018, 16:12 3783 Астана
Астанада да Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтеді

Астаналықтар танымал спортшыны сенбі күні соңғы сапарға шығарып сала алады.

21 шілде күні Астанада сағат 10.00-де "Барыс-Арена" спорт кешенінде танымал мәнерлеп сырғанаушы, елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, 2014 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған азаматтық жаназа өтеді, деп хабарлайды BNews.kz.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметі Денис Тенмен қоштасу рәсімі Алматы қаласымен қатар Астанада да өткізілетінін хабарлады.

"Азаматтық жаназа Алматы қаласындағы шарамен тұспа-тұс өтеді және шараға спорт саласының танымал азаматтары, белгілі спортшылар, жаттықтырушылар, сонымен қатар Астана қаласының тұрғындары қатысады. Қоштасу рәсімі 21 шілде күні Астанада сағат 10.00-де "Барыс-Арена" спорт кешенінде өтеді", - делінген хабарламада.

Министрлікте 21 шілде күні сағат 8:30-да Денис Теннің денесі үйінен шығарылатынын атап өтті. Азаматтық жаназа Абай-Байтұрсынов көшелерінің қиылысында сағат 10:00-де өтеді. Ал 11:30-да Достық кентіндегі зиратқа бару жоспарланған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 21 шілде күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Денис Теннің өліміне қатысты күдікті бүгін ұсталды. Күдікті 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы – Қиясов Нұралы. Ол өзінің жасаған қылмысын мойындады. Денис Тенді өлтірді деген күдікті екінші адамның да кім екені анықталып, іздестіріліп жатыр. Болжам бойынша ол Қызылорда облысының тумасы – Құдайбергенов Арман Бөрібайұлы. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қайғылы қазаға ұшырауына байланысты оның отбасына көңіл айтты.

Елбасы Денис Тен мәнерлеп сырғанаудың отандық мектебін қалыптастыруға және дамытуға, Қазақстан спортын жоғары деңгейде ілгерілетуге зор үлес қосқанын, оның жарқын жетістіктері еліміздің абыройын асқақтатып, жастар арасында спортты дәріптеуге септігін тигізгенін ерекше атап өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа және Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымовқа Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің өліміне байланысты істі ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ тергеу шараларының егжей-тегжейлі әрі объективті жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Президент Әкімшілігінің басшылығына тергеу барысын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.

Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы белгілі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочидегі Олимпида ойындарының қола медаль жүлдегері Денис Теннің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Бұл өте қорқынышты, әрі әділетсіз, деп атап өтті ведомство басшысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар