Астанада "Дарын" жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

12 желтоқсан, 2018, 14:21 1900
Астанада

Лауреаттарға диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы тапсырылды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.

Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады" деген сөзіне тоқталды. Елбасы жастарға әрдайым қолдау көрсете отырып, мемлекеттік жастар саясатын дамыту ісін еліміздің негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгілеп берді. Мемлекет басшысының Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланды.

"Бұл озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу жөніндегі "Қазақстан-2050" стратегиясының басты мақсатына қол жеткізуде жастардың маңызды рөл атқаратынын көрсетеді", – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

"Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бері түрлі саладағы әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы сияқты 10 номинация бойынша беріліп келеді. Оған 200-ден аса талантты жастарымыз ие болды. Бұл сыйлық әр жылдары Аманжол Әлтаев, Дәрмен Садуақасов, Максим Здоровец, Мария Мудряк, Денис Тен, Әділ Ахметов сияқты белгілі тұлғаларға, "Ұлытау" шығармашылық ұжымына және басқаларға берілді.

2018 жылы 20 жеңімпаздарға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаты" атағы беріліп, диплом, төсбелгі және әр номинация бойынша 600 000 теңге ақшалай сыйақы тапсырылды.

Лауреаттар арасында "Көк тудың желбірегені" деген тақырыппен өткен республикалық жас ақындар айтысының жеңімпазы Біржан Байтуов, еліміздің үздік жас флейташыларының бірі Роза Солтыханова, бокстан әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, "Ару-Тас" ЖШС директоры Бекжан Әлімқұлов, Биотехника ұлттық орталығының генетика және биохимия микроденелері зертханасының ғылыми қызметкері Жігер Ақышев және басқа да азаматтар бар.

Рәсім соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова лауреаттардың бәріне денсаулық, бақ-береке және ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.

Біздің Telegram-парақшамыздаҚазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Гүлшара Әбдіқалықова #жеңімпаздар #марапаттау

Читайте также

Похожие новости