Астанада Халықаралық сәулетшілер конгресінің ашылу рәсімі өтті

16 шілде, 2018, 18:05 2217 Астана
Астанада Халықаралық сәулетшілер конгресінің ашылу рәсімі өтті

Аталған конгресс 18 шілдеге дейін жалғасады.

Бүгін Астанада елорданың 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі, Астана әкімдігі мен Қазақстан сәулетшілер орталығымен бірлесе ұйымдастырылған Халықаралық сәулетшілер конгресінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында 2018 жыл оның астанасының 20 жылдық мерейтойы мен ерекшеленеді. Бүгінде Елорданың әлеуеті, оның саяси, әлеуметтік-мәдени өмірінің қарқыны, бейбітшілік және келісім орталығы мәртебесі Астанаға тұрғындардың әртүрлі топтары мен әлем елдерінің кәсіби және саяси қауым өкілдерінің назарын аудартуда. Халықаралық сәулетшілер конгресін Қазақстан Републикасының елордасында өткізу Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу аясында орайластырылды. Заманауи дүниежүзілік сәулет өнерінің әлемдік трендтері,оның архитектуралық келбеті Елорданың айшықты ерекшелігі болып табылады, бұл өз кезегінде серпінді дамып жатқан қаланың қайталанбас атмосферасын құрайды. Әлбетте, бұл әлемге әйгілі сәулетшілер мен сәулет өнерінің отандық майталмандарының шығармашылығындағы үндестік нәтижесі.

Конгрестің мақсаты – кәсіби тәжірибе алмасу, әлемдік сәулет өнерінің дамуының концептуалдық-теориялық бағыттарымен және оның негізгі тенденцияларымен танысу; қазақстандық және шетелдік жетекші сәулетшілермен шығармашылық байланыстар орнату; қоғамдағы сананың ашықтығын қалыптастыру – сәулет өнеріндегі ұлттық мәдениеттің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, прогрессивті әлемдік тәжірибе мен білімді қабылдау қабілеттілігін  қалыптастыру арқылы заманауи отандық сәулет өнерін дамыту.

Конгресс аясында шеберлік сабақтары, шетелдік танымал сәулетшілердің дәрістері, "Ортаны қалыптастыратын  кім?" тақырыбында диалог алаңын өткізу жоспарланған.

Конгреске алыс және жақын шетел сәулетшілері, үкімет пен бизнес өкілдері, еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларынан (Астана, Алматы, Шымкент) отандық сәулетшілер, девелоперлер, технологиялық компаниялар, жобалау бюролары, инженер-жобалаушылар, жоғары оқу орындарының сәулет өнері факультетінің студенттері, қала белсенділері, урбанистер, қазіргі заманғы суретшілер, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысуда.

"Астана Innovations" АҚ Басқарма төрағасы Олжас Сартаев өзі басқарып отырған компанияның Елбасы тапсырмасы аясындағы жұмыстарды атқаруда алдыңғы қатарда келе жатқанын айтты.

"2018 жылдың қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнаған кезекті Жолдауында Астана үлгісінде Smart city эталонын қалыптастыру міндетін қойды. Өз мерзімінде қойылған міндет жаңа технологиялардың жылдам енуіне әсер етті. Дамып жатқан ел үшін, қоғам үшін бұл бүгінде ең басты тренд болып отыр. "Астана Innovations" компаниясы осы тапсырма төңірегіндегі жұмыстарды атқаруда жетекші орынға шықты. Инновацияны тұрғын үй шаруашылығы мен қауіпсіздіктен бастап әлеуметтік блокқа дейінгі әртүрлі салаларда енгізуде үлкен тәжірибеміз бар. Ал бүгін ақылды қала жүйесін құру туралы сөз қозғап отырмыз", - деді Олжас Сартаев.

Ол инновацияны енгізуде тұрақты даму принциптері, жасыл технология, урбанистика, смарт жоспарлау секілді маңызды элементтерді қолданбай қажетті табысқа жету мүмкін емес екенін атап өтті.

"Астанада тұрақты даму принциптерін енгізуге арналған келесідей бағдарламалық құжаттар жүзеге асырылып жатыр: Астананың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы; тұрақты дамудың 17 мақсаты айқындалған БҰҰ бағдарламасы, оның алтауы Астанаға сәйкес келеді; сондай-ақ ЭСДҰ стандарттары бар. Осы құжаттардың бәрі Астананы дамыту үшін анықталған 20 қадамды бағдарламаны құруда негізгі платформа болып отыр", - деді "Астана Innovations" АҚ Басқарма төрағасы.

Бүгінгі өткен конгресс барысында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум әріптестіктің ішінде негізінен мемлекеттік саясат пен Астананың индустриалды-инновациялық дамуы саласына бағытталған.   

"Astana Innovations" АҚ мен Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, сонымен қатар "Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік" АҚ арасында 4 меморандумға қол қойылды. 

"Үш вице-министрмен үш меморандумға қол қойылды. Бізде келе жатқан жылға толық жұмыс жоспары бар. Қазір жұмыс істейтін уақыт. Мысалы, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің сервисін цифрлық алаңға шығаруға болады. Ол сервистердің тізімін анықтадық. Одан басқа, мобильді қосымшаға да жүктейтін қызметтің тізімдерін айқындадық. Ал Денсаулық сақтау бойынша қызмет көрсетулерді мобильді қосымшаға шығара аламыз. Бүгінде дәрігерді үйге шақыруға және қабылдауына жазылатын мобильді қосымша бар", - деді "Astana Innovations" АҚ басқарма төрағасы Олжас Сартаев Халықаралық сәулетшілер конгресінде. 

Айта кетейік, Халықаралық сәулетшілер конгресі 18 шілдеге дейін жалғасады. Конгресс барысында "Қалалық орта: "Ақылды" аудан" инновациялық байқауы өтіп жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: