Астанада инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды - Жаңалықтар | BNews

Астанада инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды

05 қазан, 2017, 18:28 2175 Астана
Астанада инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды

Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандардың ұлттық күні қарсаңында инклюзивті білім берудің ресурстық орталығының салтанатты ашылуы өтті. 

Жоғарыда аталған орталық бүгін Астана қаласы №68 жалпы орта мектебінде инклюзивті білім берудің ресурстық орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл орталық жалпы білім беретін мектептерде ерекше оқу қажеттіліктері бар балалардың білім алуына жағдай жасалуын қамтамасыз етеді. Ресурстық орталық «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен «Дара» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылды.

Аталған мектептегі инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы – бұл төрт бөліктен тұратын қазіргі заманға сай өзіндік ерекшелігі бар кабинет: ата-аналардың мамандардан кеңес алатын орны, сабақтан тыс уақытта баланы сергіту орны, мұғалімдер мен мамандардың топпен жұмыс жасау орны және оқушының арнайы мамандардан сабақ алатын аймағы. Сөзсіз, жасалған мұндай жағдай мектепте білім нәрімен сусындайтын әрбір балаға мейірімді атмосфера орнатады.

Орталықтың ашылу салтанатына «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «Дара» қайырымдылық қорының өкілдерімен қатар, Астана қаласы білім басқармасының мамандары мен пилоттық жобаға қатысатын мектеп директорлары қатысты. Ашылу шарасында қонақтар инклюзивті білім беруді жүзеге асырып жатқан мектеп ұжымымен танысып қана қоймай, инклюзивті білім беретін кластардың еңбек және дене шынықтыру сабақтарын тамашалады.

Инклюзивті білім беру – әрбір балаға сапалы білім беруді қамтамасыз ететін жаңашыл бағыт. Инклюзивті білім беру жынысы, жасы, тегі, діни көзқарасы немесе тұрмыстық жағдайына қарамастан, барлық балаларды жалпы білім беру үдерісіне толықтай енгізу және әлеуметтік бейімделу барысында кездесетін кедергілерді жоюға бағытталған.

Астана қаласы білім беру басқармасының ақпаратына сүйенсек, оқуында ерекше қажеттіліктері бар үш мың бала қазіргі таңда қаланың 53 жалпы орта мектептерінде білім алып жатыр. Алайда, бұл балаларға жасалған жағдай мен инклюзивті білім берудің әдістемелік қолдауы әлі де болса көңіл толарлықтай емес. Әрине, мұндай “ерекше” балаларға арналған мектеп пен ұстаздар ұжымы тарапынан ерекше әдістер мен кешенді қолдау, яғни  әдістемелік қолдау, кеңес беру мен ақпараттық қолдау, білім беру бағдарламасының бейімделуі, тьюторларға және басқа да арнайы мамандарды қолдау керек.

 Ресурстық орталықтың жұмысы балаларды мектепке қосудың әдіснамалық тәсілдерін әзірлеуге және сынақтан өткізуге бағытталатын болады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!