Астанада ҚХА-ның журналистика және медиация саласы бойынша байқау жеңімпаздары марапатталды

20 қараша, 2018, 17:44 1686 Астана
Астанада ҚХА-ның журналистика және медиация саласы бойынша байқау жеңімпаздары марапатталды

Қазақстан халық Ассамблеясының журналистика саласындағы "Шаңырақ" байқауы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі конкурс.

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистика саласындағы "Шаңырақ" және медиация саласы бойынша  "Қазақстан халқы Ассамблеясының ең үздік медиаторы" және "Қазақстан халқы Ассамблеясының ең үздік медиация кабинеті" байқауларының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Кеңесінің, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, отандық жетекші БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері, журналистер, қоғамдық медиаторлар қатысты

"Шаңырақ байқауы" этносаралық қатынастар саласындағы мәдениаралық диалогты дамытуға ықпал ететін мемлекеттік саясаттың мазмұны мен мәнін ашатын  БАҚ материалдары мен бағдарламаларды көпшілікке танытуға бағытталған. Осы жылы "Қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірліктің қазақстандық моделіне арналған үздік  материал", "Ассамблея қызметінің жаңа бағыттары мен жобалары туралы  үздік материал", "Өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге арналған үздік материал", "Мемлекеттік тілді насихаттауға  арналған үздік материал", "Әлеуметтік желілердегі  қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірлік тақырыбына арналған үздік материал", "Елордасы Астана туралы үздік материалға арналған арнайы жүлде" номинациялары бойынша 103 журналист 328 жұмыс ұсынды.

"Қазақстан халық Ассамблеясының журналистика саласындағы "Шаңырақ" байқауы жыл сайын өткізілетін дәстүрлі конкурс. Оған бүкіл республикадағы ірілі-ұсақты газет-журналдарда істейтін, интернет-ресурстарда істейтін журналистер қатысады. Және оның ерекшелігі оған журналист емес адамдар да, жеке адамдар да, мысалы ғалымдар да қатыса алады. Биылғы жылы бес номинация болды, оған қосымша екі аталым белгіленді. Ол Қазақстан Астанасының 20 жылдығына байланысты арнайы жүлде және биыл ғана Қазақстан халық Асамблеясының  сессиясында бастау алған қазақтану жобасы бойынша Ассамблеяның жобалары туралы жазатын және соны халыққа түсіндіретін мақалалары бойынша бір арнайы жүлде тағайындалды. Сол арнайы жүлденің иесі болдым. Жалпы ҚХА жобалары жөнінде және жалпы осы елдік, бірлік, ынтамақтастық, қоғамдық келісімді бекітуге арналған менің мақалаларым "Егемен Қазақстан", "Астана ақшамы", "Айқын" газеттерінде және интернет порталдарда жарияланды. Әділ қазылар мүшелері осындай баға бергеніне қуаныштымын", - деді арнайы жүлде иегері, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова.

Байқаудың қазылар алқасының төрағасы – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттық тобының жетекшісі Сауытбек Абдрахманов барлық жүлдегерлердің жұмысына жоғары баға берді.

"Балық авторлар Қазақстандағы бірліктің, ынтымақтың, ұлтаралық бірліктің, келісімнің мән-маңызын ерекше біледі. Оны нақты адамдардың тағдырлары арқылы өте әсерлі көрсеткен", - деді Сауытбек Әбдірахманов.

Қоғамдық медиаторлар арасындағы байқау қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы медиция институттарын дамытуға көмектесу мақсатында өткізілді.

Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде "Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан менің үлесім" – тақырыбы бойынша байқауға қатысып ең үздік пост жазған белсенді пайдаланушылар бағалы сыйлықтар және дипломдармен марапатталды.

"Біздің мақсатымыз Елбасының саясатын жүзеге асыру, насихаттау. Ол дегеніміз, яғни  халықтар бірлігін, халықтар ынтымақтастығы және достығын сақтау. Біздің облыста осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізіледі. Облыста 11 этно-мәдени бағыттағы орталықтар бар. Олардың барлығы Достық үйінде орналасқан", - деді байқау номинанты Қызылорда облысы Ассамблеясының баспасөз қызметінің өкілі Светлана Крюгер.

Іс-шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен "Мир" мемлекетаралық телерадиокомпаниясы ЖАҚ Ұлттық филиалы арасында "Дала даусы" жобасын іске асыру аясында ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: