Астанада қысқаметражды фильмдер фестивалі басталды

10 желтоқсан, 2018, 17:19 2345 Астана
Астанада қысқаметражды фильмдер фестивалі басталды

Фестиваль белгілі кинотанушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Нөгербектің 70 жылдығына арналған.

Елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қысқа метражды фильмдер фестивалі мен ғылыми-практикалық конференция басталды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі. Мәдени шара белгілі кинотанушы, еліміздегі кәсіби кинотанудың негізін қалаушы Бауыржан Нөгербектің жетпіс жылдығына орайластырылған. Алқалы жиын барысында кино саласының танымал тұлғалары мен ғалымдар Бауыржан Нөгербектің өмірі мен ұзтаздық жолына, сондай-ақ ғалымның  ғылыми еңбек жолына тоқталды.

"Бауыржан Нөгербектің қазақ киносы мен  кино тарихы, кино теориясы үшін аса маңызды болып табылатын құнды еңбектері тек еліміздің ғана емес, шетелдің өнерсүйер қауымына да жақсы таныс. Оның "Ертегілерге жан біткенде: Қазақстанның мультипликациялық киносы", "Қазақтың киносы", "Қазақ көркемсуретті киносындағы экранды-фольклорлық дәстүрлер" атты кітаптары мен  мақалалары, кинотану шеберханасында оқыған дәрістері көптеген шет тілдеріне аударылып, ұлттық кинотану саласының іргелі еңбектері ретінде маңызы өте зор. Ол кісінің қазақ киносының өткені мен бүгініне арналған зерттеулері мен құнды ой-пікірлері әлі талай кинематографистер буыны үшін баға жетпес қазына, рухани азық болары сөзсіз", - деді Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаева.

Кинофестиваль барысында үздік картиналар анықталады.

"Белгілі кинотанушы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері Бауыржан Рамазанұлы Нөгербектің туғанына биыл 70 жыл толды. Осыған орай республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі мен ғылыми-практикалық конференция өтуде. Бұл шара екі күнге жоспарланып отыр. Конференцияға Бауыржан Нөгербектің әріптестері, замандастары, кино саласының майталмандары қатысты. Бауыржан Нөгербек қазақтың кинотану саласындағы тұңғыш жол ашқан кәсіби маман. Ол ұстаздық қызметте де сандаған шәкірттер тәрбиеледі. Осыдан былай Бауыржан Нөгербек атындағы арнайы шәкіртақы тағайындалып, әр жылдың сәуір мамыр айларында озық деп танылған студенттерге табысталатын болады",  - деді Бауыржан Нөгербектің шәкірті Бақыт Жағыпарұлы.

Ғылыми-практикалық конференция аясында Дамир Манабай, Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Сергей Әзімов сияқты қазақ киносаласының белгілі режиссерлері студенттер мен жас режиссерлер үшін арнайы шеберлік сағаттарын өткізеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: