Астанада "Күлтегін" мультфильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтті

23 қараша, 2018, 18:17 3219 Астана
Астанада

Шара барысында балаларға естелік сыйлықтар мен тәтті тағамдар берілді.  

Астанада жаңа "Күлтегін" атты анимациялық фильмнің арнайы коррекциялық мектептер мен аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған қайырымдылық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды BNews.kz Қазақфильмнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараны Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы "Аяла" қайырымдылық қорының ықпалдастық етуімен атқарды. Шара барысында балаларға естелік сыйлықтар мен тәтті тағамдар берілді.  

Жас режиссер-аниматор Адай Әбілданың қолынан шыққан аталмыш тарихи анимациялық туынды көшпенді халықтардың басын біріктіріп, Ұлы көшпенділердің дәстүрін жалғастырған түрік қағанатының даңқты әскери қолбасшысы Күлтегіннің балалық шағы туралы баяндайды. 

"Күлтегін" фильмі ата-бабалардың жанқиярлық ерлігі, бірлігі мен ауыз біршілігі туралы. Күлтегін - бұл тұтас бір дәуірдің тарихи тұлғасы. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз – сол кездегі мәдениетті  ашып көрсету ғана емес, сонымен қатар мультипликация арқылы жас көрермендеріміздің тарихқа деген қызығушылығын арттыру", - деді Адай Әбілда. 

Осыған дейін де киностудия Алматы әкімшілігінің ықпалдастық етуімен Алматыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған көрсетілім өткізген. Аталған шараға актерлер Санжар Мәдиев, Төлепберген Байсақалов, Азамат Қанапия, Динара Бақтыбаева және Мадина Есманова қатысқан болатын. Балалар актерлермен тілдесіп қана қоймай, олармен суретке түсіп, қолтаңбаларын алған еді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар