Астанада медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Декларация қабылданды

Написать нам
25 қазан, 2018, 15:39 3054 Астана
Астанада медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Декларация қабылданды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 140 елдің, халықаралық ұйымдар мен әлемдік академиялық элитаның өкілдері - барлығы 1500-ге жуық қатысушы Астанада бас қосты.

25–26 қазанда Астанада Алматы декларациясының 40 жылдығына орай "Алма­тыдан басталған денсаулық сақ­тау қыз­мет­те­рімен жаппай қам­туға және тұрақты даму мақсат­тарына" деген атаумен медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Жаһандық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Конференцияның ашылу салтанатына және жоғары деңгейлі сессияға ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

ДДСҰ-на мүше 140 елдің, халықаралық ұйымдар мен әлемдік академиялық элитаның өкілдері - барлығы 1500-ге жуық қатысушы Астанада бас қосты. Шара ұйымдастырушылары Қазақстан Үкіметі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ.

Конференция қатысушыларының негізгі мақсаты - медициналық-санитариялық алғашқы көмекті одан әрі дамытуды жоғары деңгейде талқылау, медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Астана декларациясын қабылдау.

Конференцияны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, бейнебайланыс жүйесі арқылы шара қатысушыларына өз сөзін арнады.

"Денсаулық сақтауды жақсартуға бүкіл әлемде үлес қосу медициналық қауымдастықтың маңызды игі ісіне айналды. Ол тарихи құжат (БҰҰ “Әлемдік денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы” деп атаған Алматы декларациясы) басқа елдердің көптеген ЖОО-ларының оқулықтарына енді. 1978 жылы қол қойылған ДДСҰ Декларациясы халықаралық ұмтылыстардың көрнекті мысалына айналды. Құжатта МСАК дамытудың негізгі қағидалары атап көрсетілген. Бұл халықты санитарлық ағартуды, ана мен бала денсаулығын қорғауды, аурулардың алдын алуды, оның ішінде екпе егуді, сондай-ақ дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді қамтиды. Сол уақыттан бастап бүкіл әлемде денсаулық сақтау осы басты бағыттарға сәйкес дамыды", - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде адамзат алдында жаңа сын-тегеуріндер тұр - қоршаған ортаның нашарлауы, аз қимылдауға әкелетін өмір салты, сапасыз ас созылмалы аурулардың көбеюін тудырды.

"Өз кезегінде, халықтың ауру-сырқауы мәселелері әлеуметтік қамту жүйесіне жүктемені арттырады. Денсаулық сақтауды қаржыландыру мен медициналық қызметтермен жаппай қамту мәселелерінің қазіргі кезде маңыздылығы мен өзектілігі зор. Бұл тақырыптар 2019 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының талқылауына енгізіледі", - деді Президент.

Сонымен қатар Елбасы технологиялық революция дамуының қазіргі беталыстары адамзат үшін жаңа перспективалар ашып отырғанын атап өтті.

"Бүгін Қазақстанда, әлемдегі тәрізді, цифрлық трансформация үрдістері белсене жүргізіліп жатыр, оның ішінде денсаулық сақтау саласы да қамтылған. Халықтың денсаулығын қолдауды қамтамасыз ету – ұлттың орнықты дамуы мен әл-ауқатының өсуінің негізі. Мен барлық елдердің көшбасшыларын мұны мемлекет саясатының басты басымдығы ретінде белгілеуге үндеймін. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек туралы жаңа Астана декларациясының қабылдануы дүниежүзіндегі денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру жолында маңызды іс болады. Бұл бағдарламалық құжаттың жаһандық деңгейде адамдардың өмір сапасын арттырып, денсаулықтарын нығайтуға септігін тигізетініне сенемін. Конференцияға белсене қатысқандарыңыз үшін алғысымды айтамын, табыс пен жемісті жұмыс тілеймін", - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, БҰҰ бас хатшысы А. Гуттериш бейнебайланыс арқылы Жаһандық конференция қатысушыларына сөзін арнады.

"Халық денсаулығы – орнықты дамудың нәтижесі мен драйвері. Денсаулық сақтау сапасы өмір ссапасымен тікелей байланысты. Біздің денсаулық сақтау жүйеміз, бірінші кезекте, алдын алуға бағытталған. 40 жыл бұрын Алматы декларациясы алғашқы медициналық көмектің маңыздылығын мойындады, дегенмен де қазірдің өзінде алғашқы медициналық көмек ала алмай отырған адамдар саны көп. Мақсат айқын – адамдардың дене және психологиялық әл-ауқатын қорғап, оған ықпал ету. Осы мақсатты ұстанатыныңызға алғыс  айтамын", - деді БҰҰ Бас хатшысы.

Қазақстан Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев өз сөзінде Астанада Жаһандық конференцияны өткізудің маңыздылығын атап өтті. 40 жыл бұрын Қазақстан жерінде Алматы декларациясы қабылданды. Бұл құжаттың маңыздылығы, адамзат тарихында тұңғыш рет адамдардың денсаулық сақтауға тең құқығын барлық мемлекеттердің ресми түрде мойындауы болды. Сонымен қатар, әлемнің өзгеруін есепке алғанда, технологиялық прогресс көзқарастардың жаңаруын және жаңа сын-тегеуріндерге үн қатуды талап етеді.

"ДДСҰ-ға мүше елдердің, халықаралық ұйымдар мен академиялық қауымдастықтың бірігіп күш-жігер салуының нәтижесінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек туралы жаңа Декларация әзірленді. Оның қабылдануы кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесінің негізі ретінде МСАК-ның дамуы үшін бағыт-бағдар болады. Жаңа Декларацияда жетілдірілген МСАК арқылы баршаның денсаулыққа қол жеткізуі үшін мемлекеттің, адамдардың, қауымдастықтардың, денсаулық сақтау жүйесі мен серіктестерінің міндеттемелері көрсетілген", - деп Бақытжан Сағынтаев, Астанадағы Жаһандық Конференция көптеген сауалдарға жауап табуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар