Астанада мүгедектігі бар жандар арасында жарыс өтті

29 қазан, 2018, 15:09 1650
Астанада мүгедектігі бар жандар арасында жарыс өтті

Оған екі жүзге жуық адам қатысты.

Демалыс күндері Астанада мүгедектігі бар спортшылар арасында жарыс өтті. Мүгедектігі бар жандар арасынағы II қалалық Спартакиадада үстел теннисі, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, пауэрлифтинг, отырып ойнайтын волейбол, голбол және бочча сынды дисциплиналарда 200-ден аса спортшы бәсекеге түсті, деп хабарлайды BNews.kz қалалық Мәдениет және спорт басқармасына сілтеме жасап. Айта кетейік, соңғы дисциплина жарыс бағдарламасына алғаш рет енгізіліп отыр.

Екінші спартакиаданы ұйымдастырушы – Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасы, "Жігер" спорт клубы, "НұрОтан" партиясының Астана қаласындағы филиалы, "Мүмкіндіктері тең әлем" мүгедектігі бар балалардың ата-аналарының қоғамы.

Шара адаптивті каратэ мен таэквондодан балалардың көрнекі көрсетілімінен басталды. Кішкентай болғанымен балалар жекпе-жек өнерін шебер меңгеріп, жақсы спорттық дайындықтарын көрсетті. Айта кетерлік жайт, ұйымдастырушылар аталған дисциплиналарды келесі спартакиаданың бағдарламасына енгізуді жоспарлап отыр.

Шара барысында Қазақстанда ресми түрде паралимпиадалық спорт түрі "Бочча" федерациясы ресми түрде құрылғаны мәлім болды.

Айта кетейік, елордалық спортшылар үшін бұл жаңа спорт түрі. Бұған қарамастан, спартакиаданың кішкентай қатысушылары оған үлкен қызығушылық танытуда.

"Спартакиадада мүгедектігі бар 65 бала күш сынасты. Олар бочча мен голбол дисциплиналарында өнер көрсетті. Сондай-ақ, шараның ашылуына 5 жасар таэквондошылар мен арбада отырып би билейтін қыздар да қатысты. Жыл сайын қатысушылар саны артады деп ойлаймын", - деді "Мүмкіндіктері тең әлем" ҚҰ төрайымы Нұргүл Үлжекова.

Шынымен де, өткен жылмен салыстырғанда биыл қатысушылар саны екі есеге артық. Дисциплиналар саны да 6-дан 8-ге жетті. Бұған спортшылар да қуанышты. Өйткені, Спартакиаданың мақсаты – үздіктерді анықтау емес, спортқа рухы мықты жандарды барынша көп тарту, олар үшін мереке ұйымдастыру.

"Бұл жолы қатысушылар әлдеқайда көп, дайындық деңгейі де артты. Қондырғылар да керемет, бұл үшін жеке алғысымды білдіремін. Мұнда Әлем және Азия чемпиондары да, өзі үшін спортпен шұғылданатындар да бар, бәрі де лайықты өнер көрсетуде", - деді спартакиадаға қатысушы Мария Әуезова.

Ербол Ескенов 8 жылдан бері пауэрлифтингпен шұғылданады. Ол спортқа кездейсоқ келді.

"Мен көшеде келе жатып, бапкерді кездестірдім. Ол мені жаттығуға шақырды. Көрейн деп келіп, пауэрлифтингте қалып қойдым. Бірінші жарыс – Қазақстан чемпионатына қатысқанымда қола алдым. Биыл Спартакиада өте жақсы ұйымдастырылыпты, жаңа спорт түрлерінің қосылғаны қуантады", - деді Ербол Ескенов. 

Раим Мукашевте пауэрлифтингпен айналысады. Спортшы екі жылда үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол бірде-бір спартакиаданы және басқа да жарыстарды өткізбеуге уәде берді, себебі бұл өмірлік жағдайларға, тосқауылдарға қарамастан ештеңе де кедергі бола алмайтынын дәлелдейді. 

Айта кетейік, "Астана – рухы мықты жандар қаласы" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жарыс алғаш рет биыл шілде айында есігін айқара ашқан жаңа Паралимпиадалық жаттығу орталығында өтті.

"Былтыр бірінші қалалық Спартакиада "Алау" мұзайдыны сарайында өтті. Біздің спорттық нысандарымыз әрдайым мүгедектерге бейімделе бермейді. Ал біздің орталықта әр адам еш кедергісіз, қымсынбастан жаттыға алады. Орталық сертификатталған қондырғылармен және тренажерлармен жабдықталған, Азиада секілді ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Биылғы Спартакиаданы өткізуге алаң тегін берілді, жалпы, барлық жаттығулар тегін өткізіледі, ақша табуды мақсат етпейміз. Мүгедектігі бар адамдар үшін біздің есігіміз ашық", - деді Паралимпиадалық жаттығу орталығының директоры Асан Тұрлыбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар