Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығына арналған форум өтті

01 желтоқсан, 2018, 14:28 2664 Астана
Астанада Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 10 жылдығына арналған форум өтті

"Ұлы дала мұрагерлері" атты форумда Елбасы бұл мектептер еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орын алатынын атап өтті.

Қазақстан Президенті "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымдарының 10 жылдығына арналған "Ұлы дала мұрагерлері" атты форумға қатысты, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Елбасы форум басталар алдында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының ғылыми жобалары қойылған көрмені аралап көріп, осы білім беру ұйымдарын одан әрі дамыту стратегиясы жөніндегі баяндаманы тыңдады.

Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде форумға қатысушылардың бәрін зияткерлік мектептердің 10 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл мектептер еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орын алатынын атап өтті.

"Зияткерлік мектептер мемлекетіміздегі орта білім беру жүйесінің эталонына айналды. Бүгінде Қазақстанның барлық мектептері сіздерге қарап бой түзейді. Өскелең ұрпақтың қазіргі заманғы талаптарға сай болуы базалық біліммен тікелей байланысты", – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өңірлерде ашылған 20 зияткерлік мектепті қазіргі кезде 8 мыңнан астам оқушы бітіріп шыққанын айтты.

"Еліміздегі әрбір дарынды баланың әлемнің үздік стандарттары бойынша білім алуына мүмкіндік туғызу біз үшін маңызды болды. Оның басты қағидаттары – оқу үдерісінің жүйелілігі, мақсаттардың айқындығы және тәжірибе жүзінде оқыту", – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы білім берудің озық әдістемелерін және іріктеудің қатаң жүйесін енгізу нәтижесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары математикалық сауаттылық бойынша әлемнің үздік 10 елінің оқушыларының қатарына қосылғанын атап өтті.

"Бүгінде мұнда еліміздің барлық өңірінен келген балалар білім алуда. Солардың 3 мыңнан астамы – көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары болса, 2,5 мыңы – ауылдық жерлер мен шағын қалалардан келген оқушылар. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен талантты әр баланың өзін-өзі танытуға жасалған мүмкіндіктің нақты көрсеткіші", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті зияткерлік мектептерді ілгерілетудің оң қарқынын сақтап, оларды одан әрі дамытудың жаңа бағыттарын айқындау қажеттігіне назар аударды.

"Қазірдің өзінде цифрлық технологиялар, биоинженерия және роботтандыру салаларында жұмыс істей алатын жаңа мамандар қажет. Алдағы 10-15 жыл ішінде жасанды интеллект пен автоматтандыру технологиялары өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады", – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы инновациялық технологиялар енгізу тұрғысынан оқушылардың жаңа кәсіптерге бейімделуінің маңыздылығына тоқталды.

"Әлем күн сайын дамып келеді, үнемі инновациялық және жаңа дүниелер пайда болып, ашылуда. Сондықтан өмірдің жылдам өзгеріп жатқан талаптарына сай болу үшін сіздерге заманауи технологияларды меңгеру қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар