Астанада "Нұр Отан" партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумы басталды

14 қараша, 2018, 11:23 1754 Астана
Астанада

Бұл ауқымды бас қосу Елбасы – Партия төрағасының тікелей тапсырмасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Елордадағы Конгресс-орталықта "Нұр Отан" партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумы басталды, деп хабарлайды BNews.kz Вaq.kz-ке сілтеме жасап.

"Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ауқымды бас қосу Елбасы – Партия төрағасының тікелей тапсырмасымен алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айтты.

"Форумның басты мақсаты – бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандырудың тиімді жолдары мен тетіктерін талқылау. Өздеріңізге белгілі болып отырғандай, Елбасы бізге партия қызметін жүйелі түрде жаңғыртуды тапсырды. Бастауыш партия ұйымдарының тиімділігін арттыру – сол жұмыстың басты бағыттарының бірі", - деді Мәулен Әшімбаев.

Ол бастауыш партия ұйымдарының тиімділігін арттыру мәселесі Шымкент, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе қалаларында өткен форумдарда жан-жақты талқыланғанын айта кетті.

"Басқосулар мазмұнды әрі нәтижелі болды деп есептейміз. Бүгінгі Астанадағы форумның бірінші күнінде панельді сессияларды өткіземіз. Ол отырыстарда партиялық жұмыстың халықаралық тәжірибелері, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жұмыстың заманауи технологиялары, партиялық-кадрлық резервті қалыптастыру, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын бағалау жүйесі және басқа да көптеген мәселені қарастырамыз. Баршаңызды ашық әрі еркін диалогқа шақырамыз", - деді партия төрағасының орынбасары.

Айта кетсек, алғаш рет өткізіліп отырған іс-шараға еліміздің барлық өңірінен келген 600-ден астам делегат қатысып жатыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар