Астанада роботтар балы мен ретро әуендер концерті өтеді - Жаңалықтар | BNews

Астанада роботтар балы мен ретро әуендер концерті өтеді

06 тамыз, 17:09 1625 Астана
Астанада роботтар балы мен ретро әуендер концерті өтеді

Іс-шаралар елорданың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.

Астана тұрғындары мен қонақтары роботтар балы мен ретро әуендер концертін тамашалай алады. Елорда әкімдігінің ресми сайты 6-12 тамыз аралығында өтетін мәдени және спорттық шаралардың апталық жоспарын ұсынады, деп хабарлайды BNews.kz.

Астананың "Столичный", "Жерұйық" және "Студенческий" саябақтары мен қаланың тұрғын үй алаптарында елорданың 20 жылдығына арналған концерттік бағдарламалар жалғасын табады. Тұрғын үй алаптарының тұрғындары "Думанды Сарыарқа" концертін жексенбіде сағат 15:00 және 19:00-де тамашалай алады. Ал елорда саябақтарында өтетін "Саябақтың жеті кереметі" концерттерін жұмыс күндері сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін, демалыс күндері сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін көрермен назарына ұсынылатын болады.

6-12 тамыз аралығында Тәуелсіздік сарайында ҚР Өнер Академиясы дайындаған "Астана – арман қала" атты қолданбалы және көркем сурет көрмесі, "Ақанаевтар әулеті" және С. Мүсіреповтың "Жаңа бастау" жеке көрмелері, сондай-ақ, фотожурналист, жергілікті тарихшы Нұрмұхамат Имамовтың шығармашылығына арналған көрме жұмыс істейді. Экспозицияны сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін көруге болады.

Ал 7 тамыздан 26 қыркүйекке дейін елорда тұрғындары роботтар балының қонағы атана алады. Келушілерді Америка, Еуропа, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты елдерден әкелінген роботтар қуантайтын болады. Кештің басты қонағы – ұлыбританиялық робот гуманоид Теспиан. Күліп-жылай алатын робот қонақтармен әңгіме-дүкен құрып қана қоймай, Шекспирдің шығармаларын оқи алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, робот театрландырылған қойылымдарға да қатысқан. Ән салып, кітап оқитын техниканы "Нұр Әлем" павильонында сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін көруге болады.

Ретро әуендерді ұнатындар үшін Есіл өзені жағалауының амфитеатрында 9 тамызда сағат 19:00-де 90-шы жылдардың "IloveAstana, Ilove 90-th" концерті ұйымдастырылады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, 9-12 тамыз аралығында "Этноауыл" ұлттық мәдени кешенінде "Алпамыс" атты театрландырылған цирк шоуын тамашалауға болады. Қойылым сағат 19:30-да басталмақ.

"Астана – Операның" камералық залында 10 тамызда сағат 19:00-де өнер сүйер қауымның назарына "Музыкалық демалыс" концерттік бағдарламасы ұсынылады.

Сенбі және жексенбі, 11 және 12 тамызда, елорда циркінде Астана тұрғындары мен қонақтарының алдында мәскеулік "Планета 13" Никулин циркі өнер көрсетеді деп жоспарланған. Басталуы сағат 16:00-де.

Қуыршақтар театры өзінің кішкентай көрермендері үшін А. Салаевтың "Жалқаудың айласы" атты ертегісін дайындапты. Балалар қойылымды сағат 12:00-де және 14:00-де тамашалай алады.

Сонымен қатар, 6-12 тамыз аралығында  елорданың спорттық нысандарында да іс-шараларды өткізу жоспарланған. Бұл күндері «Дәулет» спорт кешенінде 12 жасқа дейінгі балаларға арасында теннистен ҚР Кубогі жарыстары өтеді.

Ал "Барыс-Арена" спорт кешенінде 9-12 тамыз аралығында хоккейден халықаралық ІХ турнир "ҚР Президенті Кубогі" аясында матчтар өтеді. Матчтар сағат 14:00-ге белгіленді.

Аптаны драг-рейсингтен Астана қаласы кубогінің 4 кезеңі мен қала саябақтарында "FitnessParkAstana" бағдарламасы бойынша өтетін спорттық іс-шаралар аяқтайды. Жарыстар 12 тамызда өтеді. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары