Астанада Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті

19 желтоқсан, 2018, 11:15 2308
Астанада Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті

"Адамзаттың Айтматовы" атты әдеби-музыкалық кешінде шығармалардан үзінділер оқылып, кітаптар желісі бойынша қойылған кинофильмдерден үзінділер көрсетілді.

"Астана Опера" мемлекеттік опера және балет залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойына арналған "Адамзаттың Айтматовы" атты әдеби-музыкалық кеш өтті, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Әдеби-музыкалық кешке Шыңғыс Төреқұлұлының ұлы Асқар Айтматов, Қырғызстан Республикасының мәдениет, ақпарат және туризм министрі Азамат Қапарұлы, Айтматовтың жақын досы, атақты ақын Мұхтар Шаханұлы, КСРО халық әртісі Әлібек Дінішев, РСФСР еңбек сіңірген әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Наталья Арынбасарова, ҚР Мемлекеттік сыйлық лауреаты Майра Мұхамедқызы және басқа да көрнекті тұлғалар қатысты.

"Шыңғыс Айтматовтың Қазақстанға деген құрметі ерекше еді, өзінің "Боранды бекет" шығармасындағы Едіге - нағыз қазақтың бейнесі екенін баса айтатын. Осыдан он жыл бұрын Шыңғыс Төреқұлұлы Елбасымыздың шақыруымен Қазақстанға келіп, ресми шаралардан кейін жеке сұбхаттасу мүмкіндігі туып еді. Өкінішке қарай, соңғы кездесуіміз екен. Ол кісінің біздің елге, халқымызға деген ыстық ықыласы әлі есімде", - деп атап өтті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сондай-ақ, еске алу кеші барысында заңғар жазушының тарих тұғырында қалған мәңгілік орны мен келбеті жайлы айтылды.

Шыңғыс Айтматов көзінің тірісінде-ақ әлемдік әдебиеттің классигіне айналды. Орыс және қырғыз тілдерінде жазған оның шығармалары әлемнің 150-ден астам тілдеріне аударылды, Қырғыздың және Қазақстанның Халық жазушысы, саяси қайраткер, дипломат.

Кеш соңында Шыңғыс Айтматов шығармаларынан үзінділер оқылып, кітаптарының желісі бойынша қойылған кинофильмдерінен үзінділер көрсетілді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Астана #Арыстанбек Мұхамедиұлы #мерейтой #жазушы

Читайте также

Похожие новости