Астанада стартаптарды сынақтан өткізетін алаң ашылды - Жаңалықтар | BNews

Астанада стартаптарды сынақтан өткізетін алаң ашылды

07 ақпан, 15:55 865 Астана
Астанада стартаптарды сынақтан өткізетін алаң ашылды

Ең үздік бизнес-жобалар "Garage" стартап-инкубаторына таңдап алынады

Стартап-жобаларды инкубациялауға арналған "Garage" тегін бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды BNews.kz.

Осы бағдарлама көмегімен сарапшылар ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге тұрақты бизнес-модельдерді құрып, оларды дамытуға көмектесетін болады. 3 айға созылатын бұл жоба қатысушыларды 2018 жылдың қыркүйегінде басталатын акселерациялық бағарламаның келесі кезеңіне дайындамақ. Байқауға қатысу үшін 150-ден аса өтінім келіп түсіп, олардың ішінен ең үздік жобалар іріктеліп алынды.

Іс-шараның ашылуына ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев қатысты. Ол Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркін құру идеясы "Цифрлік Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында қамтылғанын, сондай-ақ, жоба тұжырымдамасы халықаралық тәжірибені зерттеу негізінде дайындалғанын атап өтті.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы жан-жақты жүзеге асып жатқаны бәріңізге белгілі. Сондықтан, технопарк дарынды ІТ мамандар үшін жаңа технологиялық бастамалардың алаңына айналатынынына сенімдімін. Сонымен қатар, бұл алаң ұлттық инновациялық экожүйенің өзегі болуы тиіс.Технопаркте отандық және шет елдік стартаптарды тарта отырып, цифрлық экономиканы қолдау үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Астана Хабтың негізгі мақсаты - 2025 жылға қарай жергілікті ІТ компаниялардың капиталын 1 миллиард АҚШ долларына жеткізу. Бүгін осы акселераторлық бағдарлама ашу арқылы біз аса ауқымды болмаса да, өте маңызды қадам жасап тұрмыз" , - деді Дәурен Абаев.

Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің басшысы Мағжан Мәдиев «Garage» және «C-Lab» стартап-бағдарламаларының қазіргі нәтижелерімен бөлісті.

"Аталған бағдарламалар аясында біз идея және прототип кезеңінде тұрған стартап-командалармен жұмыс жүргіземіз. "Garage" преакселерациялық бағдарламасына бізге 151 өтінім келіп түсті, олардың ішіндегі 43 жоба Demo Day-ге өткізілді. Ең басты талап жобаның ауқымын кеңейтуге болатындығымен байланысты. "C-lab" бағдарламасына 100-ден аса өтінім жіберілді. Бүгін қатысушылар алғаш рет корпорациялармен кездесіп отыр, ары қарай командалармен етене жұмыс жүргізіліп, ақпараттық сессиялар, жеке кеңес берулер өткізіледі, идеяны дамытып, оның прототипін жасайтын боламыз. Жазда жобаларды тестілеп, компаниялардың базасында іске қосқалы отырмыз", - деп атап өтті Мәдиев.

Бүгін әрбір команда өз бизнес-жобасын таныстырады, ал кешке олардың ішіндегі үздіктері "Garage" стартап-инкубаторына қатысу үшін таңдап алынады. Осылайша ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлер тәжірибелі тәлімгерлердің қол астында жобаны басқару, өнім жасау және маркетинг жөнінде тегін білімдергі игеруге мүмкіндік алады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары