Астанада түркі елдерінің бірлескен туристік өнім жобасы талқыланды - Жаңалықтар | BNews

Астанада түркі елдерінің бірлескен туристік өнім жобасы талқыланды

08 тамыз, 15:05 1510 Астана
Астанада түркі елдерінің бірлескен туристік өнім жобасы талқыланды

Елордада Түркі кеңесіне мүше-мемлекеттері Туризм жөніндегі министрлердің кездесуі өтті.

Аталған іс-шаралар Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ Түркі кеңесі Хатшылығы, "Kazakh Tourism" Ұлттық компаниясы мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің көмегімен өтуде, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Кездесуге Түркі кеңесі мүшелері Туризм ведомстволарының басшылары - Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Әзербайжан, сондай-ақ Түркі кеңесі Хатшылығының өкілдері, Өзбекстан мен Туркменстанның мемлекеттік туристік комитеттерінің төрағалары және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі де қатысуда.

Сонымен қатар, Халықаралық Түркі академиясының, қазақстандық әуекомпаниялардың басшылығының, сондай-ақ "Түркі кеңесі: Қазіргі заманғы Жібек жолы" бірыңғай туристік өнім жобасы бойынша құрылған бірлескен Консорциумының мүшелері ретінде түркітілдес мемлекеттердің мүдделі туроператорлары да бар.

Тараптар "Түркі кеңесі - Заманауи Жібек жолы" бірлескен туристік өнімнің жобасы және коммерциялық іске асырудың  негізгі мәселелерін талқылады. Солардың ішінде веб-сайтын дамыту, бағалау саясаты,  маркетингтік және коммуникациялық стратегиясы, әлемдік нарықта дамыту,  осы елдер арналарында жарнамалық бейнелерді тарату, ЮНВТО-мен өзара әрекеттесу сияқты мәселелер бар.

"Қазақстандағы туризмнің экономикаға әсері ЭКСПО көрмесі кезінде айқын байқалды. Ол кезде елімізге жеті миллионнан астам турист келіп, жалпы көлемі 25%-ға ұлғайды. Ішкі туризм көрсеткіші алты миллионға жуықтады. Әр келген адамның біздің экономикамызға қосқан үлесі бар. Соңғы он жылдар көлемінде елімізде туризм саласы қарқынды дамып келеді. 2018 жылы халықаралық туристер саны 7%-ға өсіп, 1,3 млрд адамды құрады. Бір жылдық орташа туристер ағымы шамамен 3-4%-ды құрайды. Қытай  мен Үндістан тарапынан сұраныс артып келеді. Мұндай тенденциялар туризм саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

ҚР Мәдениет және спорт министрі  өз сөзінде Ұлы Жібек жолы елдерінің визалық режимін оңтайландыру мәселесін көтерді.

"Ұлы Жібек жолы бойынша Түркі кеңесі бекіткен туристік бағытқа ортақ визалық режим мәселесін шешуіміз қажет. Туристік мақсаттағы "Ұлы Жібек жолы" визасы Еуропа елдеріне ортақ "Шенген" визасының баламасы болар еді. Осылайша, шетелдік туристерге ежелгі қалаларымызды көрсетіп, ұмытылмас әсер сыйлай аламыз", - деді министр.

Министрдің айтуынша, Қазақстан қазіргі уақытта визалық-миграциялық режимді ырықтандыруға көңіл бөліп отыр.

"Бүгінде 61 мемлекеттің азаматтары қазақстандық визаны алудан босатылды. Одан бөлек, 48 елдің азаматтарына туристік виза берерде шақыруды рәсімдеу талап етілмейді. Қытай азаматтарына топтық туристік визалар беру қолға алынды. Дәл осындай келісім Иран мемлекетімен жүргізіліп жатыр. Астана мен Алматы әуежайларында Қытай мен Үндістан азаматтарына 72 сағаттық транзиттік виза беріледі", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бұдан басқа, жоспарланған кездесуде Түркі кеңесі елдерімен ынтымақтастықта "TRT Avaz" түрік телеарнасымен түсірілген Заманауи Жібек жолының бірлескен экскурсиясы туралы деректі фильмнің тұсаукесері ұсынылатын болады.

Соған қоса, күн тәртібі аясында Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі қазіргі заманғы Жібек жолының аясында туризмді одан әрі өзара тиімді дамыту және бірлескен туристік өнімдерді жүзеге асыру мәселелерін де шығаруға бастама қозғады.

Жоспарланған кездесу нәтижесінде тараптар туризм саласындағы күн тәртібінің мәселелері бойынша келісілген шешімдер пакетін дайындайды деп күтілуде және олар осы жылдың 3 қыркүйегінде Қырғызстанның Ыстықкөлдегі Чолпон-Ата қаласында өтетін түркітілдес Мемлекеттер басшыларының кезекті Саммиті барысында талқылауға ұсынылады.

Атап өтетін жәйт, Түркі кеңесі немесе Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі - қазіргі заманғы түркітілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым болып табылады, оның негізгі мақсаты 2009 жылғы 3 қазанда Әзербайжанның Нахичеван қаласында құрылған ұйымның мүше мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

Осыған дейін Туризм министрлерінің үшінші кездесуі 2016 жылдың 6-7 маусымында Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: