Астанадағы Ұлттық музейде "Рухани жаңғыру" көрмесінің ашылуы өтті - Жаңалықтар | BNews

Астанадағы Ұлттық музейде "Рухани жаңғыру" көрмесінің ашылуы өтті

13 сәуір, 2018, 18:26 3799 Астана
Астанадағы Ұлттық музейде

Іс-шара Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының бір жылдығына арналған.

"Рухани жаңғыру" жобасы бір жыл бұрын жүзеге асырыла бастады. Осыған байланысты Ұлттық музейде Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласындағы алты негізгі бағыт бойынша материалдар ұсынылды. Оның қатарында "Туған жер", "Киелі жерлер географиясы", "Қазақстанның қазіргі заманғы мәдениеті", "100 жаңа есім", "Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық", "Қазақ тілін латын қарпіне көшіру" бағдарламасы бар, деп хабарлайды BNews.kz.

Іс-шара барысында барлық жобалардың презентациясы өтті. Шараға Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қатысып, сөз сөйледі. Оның айтуынша, осыған дейін жасалған жұмысты әрі қарай тиімді жалғастыру қажет.

"Бағдарламаға қатысты арнайы жоба кеңсесі құрылды. Ол күнделікті жұмыс істеп, аймақтардан келген барлық іс-шараларды сараптайды. Біз келіп түскен барлық іс-шаралардың тұжырымдамасы мен мазмұнына аса мән береміз. Бұл бағдарламаны одан да мәндірек, әрі қызықты етудің жолдарын қарастырудамыз. Бағдарламаны жүзеге асыруға еліміздің әрбір азаматы ат салысуы маңызды. Өйткені бағдарлама ұзақмерзімді және өте мазмұнды. Мемлекет басшысы еліміз халқының 21 ғасырдағы өмір сүру қағидаттарын белгілеп берді, бағдарламаны жүзеге асырып, жетілдіру біздің басты міндетіміз. Сондықтан әрбір жобаның маңызы зор", - деді Аида Балаева.

Бағдарламаның басты жобаларының бірі "Туған жер" бағдарламасы. Оның аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындарға көмек көрсетіліп, олардың жұмысқа тұруына қолғабыс жасалды. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық нысандардың жөндеу жұмыстары мен құрылысы, мектептерді жабдықтау бойынша жұмыстар жүзеге асырылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар