Астанада VIIІ Азаматтық форум жұмысын бастады

27 қараша, 2018, 10:03 1703 Астана
Астанада VIIІ Азаматтық форум жұмысын бастады

Форумға Парламент депутаттары, қазақстандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысуда.

Астанада "Тәуелсіздік" сарайында "Азаматтық қоғам және мемлекет: Сұхбат. Әріптестік. Сенім" деген атаумен VIII Азаматтық форум өз жұмысын бастады, деп хабарлайды BNews.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

"Қазақстан Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов Азаматтық форумның ашылуында сөз сөйледі.

"Біздің Азаматтық форум – нағыз азаматтардың форумы. Бұл форум аз сөйлеп, сөзбен емес, іспен дәлелдейтіндердің форумы. Бұл форум Қазақстанның азаматтық қоғамын дамытатын азаматтардың форумы. Бүгін өз жұмысымызды бастаймыз. Екі күнде форум жұмысына жүздеген сарапшы, 25 министр мен вице-министр, депутаттар және ең бастысы ҚР Президенті қатысады. Мұндай мазмұнды бағдарлама нағыз форумды өткізуге мүмкіндік береді. Біз бір-бірімізбен әңгімелесіп қана қоймай, Қазақстан азаматтарының өмірін, азаматтық жауапкершілігін қалай жақсартамыз деген сұрақтарға жауап беріп, мұндай қиын бірақ қажетті істе көшбасшы болуы тиіс адамдарды көрсетеміз", - деді Асылбек Қожахметов.

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев бұл форумның орны бөлек екенін атап өтті.

"Азаматтық форумға елде болып жатқан өзгерістерді, мәселелерді қарау үшін жиналып отырмыз. Біріншіден, Қазақстанның Азаматтық альянсына алғысымды айтқым келеді. Сегізінші рет өткізіліп жатқан форумның орны да, жөні де бөлек", - деді Дархан Кәлетав.

Қоғамдық даму министрі форумда азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар туралы мәселелер қозғалатынын және бұл өкілетті органдар үшін маңызды екенін атап өтті.

"Біз бірінші кезекте осы салаға қатысты қандай да бір нормативті-құқықтық актілер, саяси шешімдерді қабылдау үшін сіздерді тыңдап, пікірлеріңізді білуіміз керек. Форумға үлкен дайындық жүрді. Аймақтық Азаматтық форумдар өтті. Бүгін мұнда аймақтық форумнан таңдалған делегаттар келіп отыр. Біз мемлекет пен азаматтық қоғам арасында лайықты диалог орната аламыз деп ойлаймын. Бүгін форумның ашылуында жеткен жетістіктеріміз туралы, мемелекеттің азаматтық қоғамға беріп отырған мүмкіндіктері туралы айтуға болар еді. Бірақ біз бұл жерге пікір алмасу үшін жиналып отырмыз", - деді Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.

Айта кетсек, форумға 850 астам адам қатысып отыр. Оның ішінде парламент депутаттары, қазақстандық және халықаралық үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар бар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада 27-28 қарашада "Азаматтық қоғам және мемлекет: Сұхбат. Әріптестік. Сенім" деп аталатын азаматтық форум өтеді. Аталған форумның негізгі мақсаты, оған кімдердің қатысатыны, сондай-ақ жиын барысында қандай мәселелер талқыланатыны туралы форумның модераторы, саясаттанушы, "Қазақстанның Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті, Республикалық "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Досмұхамед Көшім айтып берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар