Астанада жас суретшілер байқауының жеңімпаздары марапатталды

12 желтоқсан, 2018, 17:08 1954 Астана
Астанада жас суретшілер байқауының жеңімпаздары марапатталды

"Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!" республикалық байқауына еліміздің өңірлерінен мыңға тарта оқушы қатысты.

Бүгін Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай жас суретшілердің бейнелеу өнері және қолөнерінің республикалық байқауы өтті, деп хабарлады Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайты.

Астана қаласының Білім басқармасының қолдауымен өткізілген "Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!" республикалық байқауына еліміздің өңірлерінен мыңға тарта оқушы қатысты.

Байқауда 5-17 жас аралығындағы жас таланттар бейнелеу өнері (кескіндеме, акварель, гуашь, майлы бояу, сурет, графика, линогравюра) және сәндік-қолданбалы өнері (ағаш, металл, былғары, аппликация, коллаж, керамика, гобелен, батик, кесте тоқу) номинациялары бойынша бақ сынады.

"Бұл іс-шара Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында оқушыларға, олардың ата-аналарына тамаша көңіл-күй сыйлаған байқау болды. Оның аясында көрме ұйымдастырылып, оған келушілер жас таланттардың туындыларын көрді. Балалардың балғын жан дүниелерінен кіршіксіз, таза дүниелер туады. Оны тамашалаған адам да үлкен әсер алады. Бізге жас жеткіншек таланттардың жұмыстарын саралап, олардың арасынан үздігін таңдап алу оңайға соқпады. Өйткені әрқайсысы өз алдына жеке бір жауһар деуге болады", – деді қазылар алқасының төрағасы, Астана суретшілері Одағының төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанұзақ Мүсәпір.

Тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгіні бейнеленген суреттер мен ұлттың рухани құндылығын сипаттайтын қолөнер туындылары қойылған көрмеде барлық қатысушылар арнайы сертфикаттармен марапатталып, І, ІІ, ІІІ орын алған жасөспірімдерге дипломдар мен кубоктар табыс етілді.

"Байқауда жас суретшілердің бейнелеу және қолөнер бейіндік бағыттары айқындалып, шығармашылық қабілеттері шыңдалды. Олардың Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдері одан әрі дамып, толеранттылық және эстетикалық ұғымдары кеңейді. Еліміздің әр азаматы оның мақтанышына айнала алатынына тағы да бір көз жеткіздік", – деді Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.

Мыңдаған жұмыстардың ішінде Гран-приге Астана қаласының №67 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Алмас Әлиев лайық деп танылды. Байырғы замандағы қазақ халқының өр рухы бейнеленген "Қазақстан" деп аталатын панно металл және пластилин материалдарымен жасалған.

"Бұл туындымды жетекшімнің нұсқауымен бір жарым ай бойы жасадым. Жұмыс үдерісі өте күрделі болды. Бірақ тыңғылықты еңбегім жоғары бағаланып, бас жүлденің иегері атандым. Мен шынымен де қуаныштымын", - деді конкурс жеңімпазы Алмас Әлиев.

Еске сала кетейік, Астанада "Жасай бер, Тәуелсіз Қазақстан!" республикалық байқауы өтіп жатқаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар