Астанадағы Абу Дабиге қатысты тағы дау шықты - Жаңалықтар | BNews

Астанадағы Абу Дабиге қатысты тағы дау шықты

06 ақпан, 10:05 337 Астана
Астанадағы Абу Дабиге қатысты тағы дау шықты

Бұл жолы елордадағы ең биік ғимаратты салып жатқан 400-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалды.

Құрылыс компаниялары алдын ала ескерту жасамаған. Және өтемақы төлемейтіндерін ашық айтқан. Бір-бір үйді асырап жүрген азаматтар Еңбек кодексі бойынша өз құқықтарын талап етуге кірісті, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Жұмыссыз қалған құрылысшылардың сөзінше олар, топ-топқа бөлініп, прокуратура, полиция мен партия жағалап, көмек сұрап жүр. Абу Дабидің іргетасынан бастап қабырғасын қалаған азаматтар қай жерде жаза басқандарымызды білмейміз деп отыр.

"Мен сенбі түнгі сменге түскем, жексенбі таңда шығамын. Бейджик істемей қалды. Ешқандай ескертусіз жұмыстан шығарып тастап жатыр. Біз сонда қайда барамыз,  мысалы қақаған суық күнде? Менің бала-шағам бар, кредитім бар. Екі мың шақырымнан келіп отырмын", - дейді жұмысшы Мақсат Ахмет.

Жұмысшыларға құрылыс компаниялары еш ескерту жасамаған. Басшылары өз еріктеріңмен орындарыңды босатыңдар деп қысқа қайырыпты.Көнбегенді, Еңбек кодексімен қудалаймыз деп отыр, дейді жұмысшылар.

"Ештеңе бермейміз, сендер 49-баппен жұмыстан шығарамыз жұмыс бітті дейді. Жұмыс біткен жоқ, барып көріңіздер. Абу Даби сол күйде тұр, 40-50 пайыз бітсе біткен шығар. Онда  шетелдіктер тып-тыныш жұмыс істеп жатыр", - дейді жұмысшы Мұхтар Қалдыбек.

Жұмысшылар тек  заң бойынша өздеріне тиесілі өтемақаны талап етіп отыр. Бұл азаматтарды отандық төрт құрылыс компаниясы жұмысқа алған. Демек, Еңбек туралы кодекстің талаптарын бұзып отырған да жергілікті мекемелер. Онда жұмысшылардың жанайқайына құлақ асатын ешкім болмаған соң, олар "Нұр Отаннан" араша түсуді сұраған.

"Біз құрылыс компанияларының өкілдерін шақырып, әкімдіктегі әріптестерімізбен бірге сөйлесеміз. Егер сіздер айтқандай, шынында да қаншама адамды жұмыстан негізсіз шығарса, мәселені шешеуге көмектесеміз", - деді "Нұр Отан" партиясы Астана қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.

Жұмыссыз қалған жұмысшылар болса, құрылыс компаниялары тиісті өтемақыны төлегенше тыным таппаймыз деп отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары