Астанадағы балабақшадан уланған балалардың диагнозы анықталды - Жаңалықтар | BNews

Астанадағы балабақшадан уланған балалардың диагнозы анықталды

08 ақпан, 14:51 1570 Астана
Астанадағы балабақшадан уланған балалардың диагнозы анықталды

№36 балабақшаның балалары мен тәрбиешілерінен өткір ішек инфекциясы анықталған.

Елордадағы №36 балабақшаның балалары ауруханаға өткір ішек инфекциясымен түскен. Бұл туралы Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров Астанада өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BNews.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

"Таңертең балаларға арналған инфекциялық ауруханаға өткір ішек инфекциясы диагнозымен алты бала, ал ересектерге арналған инфекциялық ауруханаға дәл осы диагнозбен тәрбиеші түсті. Олардың жағдайы орташа дәрежеде. Емхананың аумағында осы инфекция жұғуы мүмкін, сол топтағы 15 бала тексеріліп жатыр. Оларды тұрақты түрде бақылаудамыз", - дейді ол.

Оның айтуынша, аурудың мұндай түрі әртүрлі жағдайда жұғуы мүмкін. Әдетте мұндай диагнозбен түскен емделушілер бір аптадан кейін жазылып, үйіне қайтып жатады.

"Аурудың қалай жұққанын Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау департаментінен сұрау керек. Олар қазір қажетті шараларды жүргізіп жатыр. Тексерістен кейін тиісті шаралар қолға алынады", - дейді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Астана қаласының әкімдігі бұл мәселе бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатын. 

7 ақпан күні аталмыш балабақшадағы жоғары топтың тоғыз баласы құсып, олардан диарея мен температураның бары анықталған. Сонымен бірге, балабақшаның тәрбиешісі де ауырып қалған. Қазіргі уақытта ауруханада алты бала, бір тәрбиеші мен бір күтуші емделіп жатыр. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары