Астанадағы "Хан шатыр" ОСО-да өртке қарсы оқу-жаттығуы өтті - Жаңалықтар | BNews

Астанадағы "Хан шатыр" ОСО-да өртке қарсы оқу-жаттығуы өтті

13 сәуір, 09:53 3201 Астана
Астанадағы

Жаттығулар барысында 2 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.

"Хан шатыр" сауда ойын-сауық орталығында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді. Келушілер мен қызметкерлерді эвакуациялауға 8 минуттай уақыт кетті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Демалыс күндері сауда орталығына 14 мыңға дейін адам келеді. Оқу-жаттығуға жеке құрамның 11 техникасы мен 54 адамы жұмылдырылды. 

Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, кинозалдағы электр желісінің қысқа тұйықталуынан өрт шығып, жиһаз жана бастайды. Өрттің келесі бөлмеге тарау қаупі туындады. Ойын-сауық орталығын қою түтін қаптады. 

"Оқу-жаттығудың негізгі кілті – ғимаратта жұмыс істейтін қызметкерлердің өз функциясын орындауында жатыр, өрт бөлімшесінің қызметкерлері келіп жеткенше қызметкерлердің өздері эвакуацияны жүзеге асыра береді", - деді Астана ТЖД басшысы Барат Дұзақбаев. 

Өртенген аймақтың алаңы 140 шаршы метрді құрады. Өртті сөндіруге 8 минут кетті.

"ОСО-да 10 шығатын жол бар, олардың жобасы бойынша өрт дабылы іске қосылған кезде барлық есіктер автоматты түрде ашылады. ОСО қызметкерлері жедел жұмыс жасай білді", - деді Барат Дұзақбаев. 

Өрт дабылы жүйесі іске қосылды. Қызмет көрсетуші тұлға бірден өртке қарсы қызметке хабар берді. Сосын электроэнергия сөндіріліп,  күзет пен ОСО қызметкерлерін ғимараттан шығара бастады. 

Өрт сөндірушілер ТЖ орнына 7 минутта келіп жетті. Жедел жауынгерлік дайындық күштері өрттен қорғау құралдарын  іске қосып, зардап шеккендерді іздестірді. 

Қала әкімі Әсет Исекешевтің тапсырмасы бойынша өртке қарсы оқу-жаттығу жұмыстары барлық сауда үйлері мен халық көп жиылатын орындардың бәрінде өткізілетін болады. Екі айдың ішінде 117 астаналық нысан тексеруден өтеді. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары