Астанадағы проблемалы нысандарда құрылыс қайта жанданады - Жаңалықтар | BNews

Астанадағы проблемалы нысандарда құрылыс қайта жанданады

05 қазан, 16:02 451 Астана
Астанадағы проблемалы нысандарда құрылыс қайта жанданады

Қазан айының басында Астанада құрылысы аяқталмай қалған нысандардың жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкені Астана қаласы әкімдігімен қалалық прокуратура бірлесіп өткізеді, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Осыған дейін өткен екі жәрмеңкеде проблемалы 17 нысан аукционға шығарылған болатын. Соның жетеуін жәрмеңкеге қатысқан құрылыс компаниялары алған. Яғни құрылысты жалғастыратын инвесторлар табылған.

Ал, осы жолы өтетін жәрмеңкеге тұрғын үй кооперативтері құрылысы тоқтап тұрған 13 нысанды шығарады. Олар: «Тұран Сығанақ», «Триумф Есиль», «Зере 2», «Магистральный», «АРАБИ 2», «Үміт Береке», «Аниса 2,3», «Мой мирный дом», «Жаңа Отан», «Ақниет Экспо», «Рур Нурхат», «Тамаша үй», «Успешный дом» нысандары.

Құрылысы аяқталмаған нысандар жәрмеңкесіне қатысуға 30 құрылыс компаниясы шақырылған.

«Біз проблемалы нысандарды жәрмеңкеге дайындаймыз, ал мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылыс компанияларын шараға қатысуға шақырады. Жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірген компаниялар нысандар туралы жан-жақты ақпарат алып, өз шешімдерін айтады», - деп хабарлады «ОДА» үлескерлер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Чурсина.

Қазір жәрмеңкеге шығарылатын 13 нысан бойынша үлескерлердің талап-арыздары қанағаттандырылған. Яғни бұл нысандар енді үлескерлердің өздеріне тиесілі. Бұл жұмыс қалай жүзеге асатыны туралы «ОДА» үлескерлер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Татьяна Чурсина айтып берді.

«Біз проблемалы нысандарды жәрмеңкеге шығарамыз, ал нысанға көңіл аударған құрылыс компаниялары қарастырып отырған нысан туралы жан-жақты ақпарат алады және өз ұсыныстарын айтады әрі келіссөз жүргізеді. Егер ниет білдерген құрылыс компания нысанның алғашқы жобалау үлгісін өзгерту, кеңейту, қосымша ғимарат жалғау бойынша ұсыныстар айтса, оны қарастырамыз. Оның барлығы үлескерлермен келісіп шешіледі. Үлескерлер инвестордың ұсынысын қабыл алуға ниетті болуы тиіс. Өйткені, бізге нысанның құрылысы жүріп, тездетіп берілгені жақсы», - дейді төрайым.

Айта кеткен жөн, мұндай жәрмеңке осымен үшінші мәрте өткелі отыр. Ал осыған дейінгі жәрмеңкеде инвесторлар алған нысандарда құрылыс жұмыстары қызу жүруде.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!