Астанаға алғаш келген көштенбіз – Камал Әлпейісова - Жаңалықтар | BNews

Астанаға алғаш келген көштенбіз – Камал Әлпейісова

17 маусым, 18:51 1789 Астана
Астанаға алғаш келген көштенбіз – Камал Әлпейісова

Арқа төрі бізді бетімізден шымшып сүйгендей аязымен қарсы алды, деп атап өтті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Астананың 20 жылдығына орай еліміздің жаңа астанасына алғаш қоныс аударушылардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Камал Әлпейісовамен BNews.kz тілшісі сұхбаттасқан еді.

  • Сіздер Астанаға қашан көшіп келдіңіздер? Өзіңіз келдіңіз бе, әлде қызмет жағдайымен қоныс аудардыңыз ба?  

- Ел астанасы көшірілетін кезде мен Парламент Сенатында қызмет ететінмін. Біздер, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен қызметкерлері мінген пойыз, Ақмолаға 1997 жылғы 9 желтоқсан күні келіп жетті. Жаңа астанаға аттанатындарды қалың жұртшылық, қала басшылығы, мешіттен келген имам ақ батамен ІІ Алматы вокзалынан шығарып салды. Оркестр ойнап, митинг өткізілді. У-ду болған перронда жасып, жылап тұрған ешкім болған жоқ. Бәрінің жүздері жайдары, күлкілері жарқын еді. Көпшіліктің көтеріңкі көңіл-күйі мені де баурап, кеудемді алабұртқан сезім жайлады: біресе қалып бара жатқан ортамды қимаймын, біресе Арқа төсіне қашан жетем деп алып-ұшам...

Алғашқы жылдары қоныс аударғандарды Алматыда қалған жұрт біраз уақыт "Жел ұшырып әкеткендер" деп қалжыңдап жүрді. Ал кейбіреулер қоныс аударған айымызға (желтоқсан) қарап, "декабристер" дейтін.  

Оған өкпелеген ешкімді көрмедім. Сол кездері дене тұрқы шағын  адамды дедектетіп әкететін жел екпінін, бетіңді шым-шым еткізіп "сүйіп" алатын аязды бастан кешкендер бұл теңеуге бас шайқап күлетін де қоятын.

  • Алғаш жаңа астанаға келген кезде қандай сезімде болдыңыз? Оңтүстіктен келгендерге Арқаның қысы қалай әсер етті?

- Арқа төрі бізді бетімізден шымшып сүйгендей аязымен қарсы алды. Аяқ басқан сайын сықыр-сықыр ететін аппақ қар, суық жел бір күн бойы жылы купелерде маужырап келген біздерді бірден ширықтырып жіберді.

Өзім Арқалықтың қызы болғандықтан, бұл жақтың ауа райы маған таныс, қинала қойған жоқпын. Бірақ, ішімізде мұндай қатты аязды, тау-тау қарды, анау-мынау адамды құлататын екпіні бар желді алғаш көргендер де болды. Жаңа жыл қарсаңы болғандықтан бірнеше жерде шағын мұзқала тұрғызылған екен. Ондайды да бірінші рет көріп, таң қалғандар болды.  

Әлі есімде, поезд келіп тоқтағанда әріптестерім вагон терезелерінен сол маңдағы үйлерге қомсына қарап тұрған-ды... Перронда музыка ойнап, шашу шашылып жатты. Вокзал алдында тұрған автобустардың қасында суретке түсіп, 5-шағын аудандағы жатақханаға келіп орналастық.

Біздің жаңа астанадағы өміріміз осылай басталды.

Сол күннен бастап жаңа астана екеуміздің тағдырымыз бірге өріліп келеді деуге болады. Жай ғана көз алдымнан өткізіп қоймай, қал-қадерімше өз үлесімді қосқанымды да мақтан етемін.

Келесі күні Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысы өткізіліп,  онда Президент Қазақстан халқына үндеуін жария етті. "Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғары билік органдары, 1997 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Ақмоланың мемлекет астанасы екендігін салтанатты түрде жария етеміз. Бүгіннен бастап осында, ұлан-ғайыр елдің орталығында, халық тағдырына қатысты барлық шешімдер қабылданатын болады..." 

Мен Елбасының сөзін орыс тіліне ілеспе аударма жасап отырдым. Сол үндеу бар көк түсті папка, жиынға қатысқандармен бірге маған да ескерткішке берілді. Үндеуге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, Парламент Сенатының Төрағасы Ө.Байгелдидің, Парламент Мәжілісінің Төрағасы М.Оспановтың, Премьер-министр Н.Балғымбаевтың қолдары қойылған. Папканың сыртында "Воззвание к народу Казахстана" деген жазу бар бұл папка – мен үшін құнды естеліктердің бірі.  

  • Астана елорда ретінде сырт елдерге қалай танылды? Қандай оқиға халықты қатты қуантты?

- Өсіп келе жатқан сәбиінің әр қылығына қуанған адамдай, қала халқы Астананың әр жаңа ғимаратына, әр елең еткізер оқиғаға қатты қуанатын. Ол кезде қала құрылысы күні-түні бір тынбайтын. Қала көшелерін  электрмен дәнекерлеу аппараттарының жарқылы жарық етіп, қазық қаққан, тас кескен құралдардың шуылы тербеп тұратын еді.  

Астанамыз көз алдымызда өсіп келе жатты. Келесі жылғы 6 мамырда Президенттің Жарлығымен елордамыз "Астана" деген атауға ие болды.  Қанатын кеңге жайып, шекарасы ұлғайды, сөйтіп, иісі қазақтың құлағына майдай жағар "Алматы" және "Сарыарқа" деген атауы бар екі қанаты – екі әкімшілік-аумақтық бірлік пайда болды.

Есілдің сол жағалауы "Еркін экономикалық аймақ" боп жарияланды. Түнемелікке жарқ-жұрқ етіп жатқан оттарға, күн сайын саны көбейген биік мұнаралы крандарға  қарап, ол жақта бұрын-соңды болмаған қаланың  салынып жатқанын түсініп, оны көруге асығып жүрдік. 

1999 жылы Астана "Әлем қалалары – бейбітшілікті жақтайды"  атты халықаралық конкурста жеңімпаз деп танылды. ЮНЕСКО-ның Бас хатшысы Ф. Майор  Астанаға "Бейбітшілік қаласы" сертификаты мен тиісті медальды табыс еткенін еліміздің барша газет-журналы сүйіншілеп жазды. Бұл – қаламыздың елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде мерейі асқан күн еді.  

Ел-елден өнер жұлдыздары ағылып келіп, рухани мол азыққа кенелдік. Жас ұрпақтың дамуына жоғары дәрежеде көңіл бөлінгенінің бір-ақ мысалын келтірейін. Қаншама жасөспірім дарын иесіне қатысу арман болған "Утреняя звезда" бағдарламасы бір хабарын түгелдей қазақ елінің жас өнерпаздарына арнап түсіріп, оны Юрий Николаевпен бірге менің қызым Ақерке жүргізді!

Оң жағалауда Теміржолшылар мәдениет үйі жөндеуден өткізіліп,  опера театры болып ашылды. "Интерконтиненталь" қонақ үйі, Қаржы министрлігінің ғимараты, "Рамстор" сауда үйі пайдалануға берілді. Кейінірек сол жағалауда Астана символына айналған Бәйтерек бой көтерді.

Астананы жобалауға Кишо Куракава, Норман Фостер сияқты сәулет өнерінің танымал тұлғалары қатысқанын білемін. Қонақтарды  тамсандырған нысандарда қазақстандық Ақмырза Рүстембеков, Болат Құспанғалиев, Сұлтан Баймағамбетов, Сағындық Жанболатов, тағы басқа сәулетшілердің қолтаңбалары бар.

  • Адамдардың жаңа қонысқа үйренуі қалай өтті?

- Жаңа қоныстанушылардың алғашқы легі негізінен Елбасының идеясын іске асыруға атсалысу үшін "атқа қонған" мемлекеттік қызметшілер болды. Әу бастан ішкі сеніміміз берік болғандықтан, жаңа ортаға үйренісу қиын болған жоқ. Адамдардың психологиясында өзгеріс пайда болды, "астаналық" ұғымы орнықты. Алғашқы айларда өздерін уақытша келгендей сезінетін қоныс аударушылар енді кезекті еңбек демалысынан асыға оралатын болды. Тіпті Алматыдан да! "Түу, шіркін, ауасын-ай! Тұншығып әзер жеттім ғой!" дейтін болды менің әріптестерім.

Ойша саралап отырсам, маған әрбір қала тұрғыны  "астаналық" деген  мәртебеге лайық болуға тырысатындай көрінеді. Тіпті, қалада бір жақсы жаңалық болса, адамдар өз істерімен соған лайық игі қадам жасайтынын талай байқадым.

Қала халқы астана болғалы күрт өсіп, 2002 жылы оның жарты миллионыншы тұрғыны дүниеге келгені елең етерлік оқиға болды. Бір қарағанда бұл сәби сүйген Әбжановтар отбасының қуанышы болғанымен, оны жұртшылық өз қуанышындай қабылдаған. Астаналық рух, астаналық бірлік, ынтымақ осындай жайлардан туындайтын шығар, бәлкім?

Жалпы Астанада халық санының өсуі бұрын болмаған қарқында жүзеге асып, қазір миллионыннан астам тұрғыны бар үш қаланың бірі болды. Бұл –  қуанарлық жай.

Қазіргі қала сәулеті, инфрақұрылымы, халықтың білім алуына, қызмет етуіне, дем алуына арналған нысандардың болуы Астананың барша халықты өзіне тартатын, тұрғындарына жағдай жасауға ұмтылатын қала екенін көрсетеді. "Астана Опера" театры, Хазірет Сұлтан мешіті, Ұлттық музей, ҚР Президентінің кітапханасы, Оқушылар сарайы, "Хан шатыр", "Меgа Silk Way" сауда орталықтары, "Hilton", "The Ritz-Carlton Astana" қонақ үй кешендері – қала  қонақтарына қысылмай көрсететін нысандар.

  • Сіз өзіңізді "астаналықпын" деп айта аласыз ба? Оған қандай жағдайлар әсер етті?

- Әрине, мен өзімді Астананың төл тұрғынымын, "астаналықпын" деп сеніммен айта аламын. Елдің өміріне қатысты болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың бел ортасында жүруім, үлкен жиындарда айтылған озық идеялар мен құнды пікірлерді көпшілікке жеткізетін ілеспе аудармашы болуым – бір төбе болса, тікелей Астананың өзіне қатысты тарихи шешімдердің қалай туғанына куә болуым – бір төбе.

Бірнеше жыл қатарынан Елбасының Астананың құрылысына, оны абаттандыруға, мәдени ортаға айналдыруға, жасыл желекпен көмкеруге, таза сумен қамтамасыз етуге және тағы басқа тақырыптарға арналған жоғары дәрежелі жиындарында ілеспе аударма жасай отырып, қаламен бірге тыныстадым, қаламен бірге көктедім! Мен астаналық болмағанда, кім болады сонда?!

Сұхбатыңызға үлкен рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: