Астанаға дейінгі газ құбырының 80%-ы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді - Жаңалықтар | BNews

Астанаға дейінгі газ құбырының 80%-ы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді

06 наурыз, 20:21 1176 Қарағанды облысы
Астанаға дейінгі газ құбырының 80%-ы Қарағанды облысының аумағы арқылы өтеді

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов "Президенттің бес әлеуметтік бастамасын" талқылау бойынша актив жиналысында айтып берді. 

Елбасының елімізді әрі қарай газбен қамтуын жалғастыру бастамасы Қарағанды облысының тұрғындары үшін де үлкен маңызға ие. Көгілдір отынды облысымыздың 6 ірі қалалары мен 120 ауылдық елді мекендері алады. Ол жайлы Ерлан Қошанов Елбасының "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" халыққа жолдауын талқылау бойынша актив жиналысында айтып берді. 

Елбасы Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана арқылы магисталдық газ құбырын салу бойынша жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Оның басты мақсаты – Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған батыс кен орындары есебінен облыстағы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету және еліміздің бірыңғай газ тарату жүйесін кезең-кезеңмен дамыту болып табылады.

"Біз барынша максималды түрде экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әсерді сезінетін боламыз. Газ құбыры трассасының Астанаға дейінгі ұзындығы 1100 шақырымнан асады, оның 80%-ы біздің облыстың аумағы арқылы өтеді – ол 820 шақырым. Халықты қамту көрсеткіші шамамен 1 млн адамды құрайтын болады. Ойланып қарасақ, ол облыс тұрғындарының 70%-ы", – деді Ерлан Қошанов.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жоба шеңберінде Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтпаев, Саран және Шахтинск секілді облысымыздың ірі қалалары, сондай-ақ Абай, Жаңаарқа, Бұқар Жырау, Осакаров, Шет, Ұлытау аудандарының 120 елді мекендері газбен қамтылатынын атап өтті. 

Отынның бағасы төмендеуі есебінен аймақтың өнеркәсібі жаңа екпінге ие болады. Көгілдір отынға ауысу экологияны да жақсартуға мүмкіндік береді. 

Ерлан Қошанов газ құбырын салуға арналған жер телімдерін бөлуді уақытылы жүзеге асыруды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, облыста елді мекендер мен әлеуметтік мәдени нысандарды да газбен қамту бойынша жобалар жасала бастайды.