Астанаға газ тарту мерзімі белгілі болды - Жаңалықтар | BNews

Астанаға газ тарту мерзімі белгілі болды

10 наурыз, 19:43 2314 Қазақстан жаңалықтары
Астанаға газ тарту мерзімі белгілі болды

"Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана" бағытындағы газ құбырын салудың алғашқы кезеңі бір жылдың көлемінде жүзеге асырылмақ.

Жақын уақытта қандай аймақтарға көгілдір отыр тартылатыны туралы ҚР Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Зияш Қияқбаев айтып берді, деп хабарлайды BNews.kz  Рrimeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Оның айтуынша Астананы, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру мақсатында газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ "Сарыарқа" магистральді газ құбырының құрылысы" жобасының ТЭН әзірледі. Оған "Мемсараптама" РМК оң тұжырым жасады. Қазіргі таңда "ҚазТрансГаз" АҚ 2018 жылдың маусым айында мемлекеттік сараптамадан өткізгеннен кейін іске қосу жоспарланған, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр.

"Бүгінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен аталған жобаның 1-кезеңін іске асыруға қатысты мәселелерді пысықтауға байланысты, соның ішінде ЕҚҚДБ, ЕАДБ секілді халықаралық қаржы институттарынан, сонымен қатар ҚДБ мен басқа да көздерден қаражат тарту арқылы тиісті шарттар мен қаржыландыру схемасы бойынша жұмыс тобы құрылуда.Осы жылдың маусым айына дейін қаржыландыру мәселелерін шешу және шілде айының басында магистральді газ құбырының алғашқы торабын дәнекерлеудің салтанатты рәсімін өткізу жоспарланып отыр". - деді Зияш Қияқбаев.

 Газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" АҚ ақпаратына сәйкес, жобаны қаржыландыру басталғаннан кейін "Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана" бағыты бойынша магистральді газ құбырының 1-кезеңі бір жыл ішінде жүзеге асырылады деп көзделген.  "Сарыарқа" магистральді газ құбырының 1-кезеңінің құны 267,3 млрд теңгені құрайды.

 "Жобаны жүзеге асыру жыл сайын ЖЭЦ – 1,2,3 су жылытатын қазандарында жағылатын көмірдің орнын алмастыру арқылы Астана үшін әлеуметтік-экономикалық жағынан пайдалы әсерін тигізеді. Қысқартудың ықпалы жылына – 36,1 мың тонна ластаушы заттар шығарындылары (күкірт диоксиді, көміртек тотығы, азот диоксиді, азот тотығы, қатты бөлшектер) болады. Сондай-ақ, халық көмірдің орнына табиғи газды пайдалануды жөн санайды деп есептейміз, өйткені газды отын ретінде пайдалану – еңбекті аз талап етеді әрі салыстырмалы түрде ыңғайлы", - деді Зияш Қияқбаев.

Ұқсас жаңалықтар