Астаналық оқушылар қоршаған ортаны қалдықтардан қорғауға үлес қосты

1 Февраля, 2019, 19:33 3517
Астаналық оқушылар қоршаған ортаны қалдықтардан қорғауға үлес қосты |  | BNews.kz

Экочелленджге мектептің барлық сынып оқушылары қатысты.

Астана қаласының №38 мектеп-лицейінде Экочеллендж аясында экологиялық күн шарасы өтті. Оқушылар мектепке істен шыққан әр-түрлі тұрмыстық техниканы әкелді. Олардың ішінде  компьютер, үтік, электр шәйнек тәрізді электр техникасы бар. Ал  мектептің  7ә сынып оқушысы Лайық Нұршат тіпті кір жуатын машинаны да алып келген.

"Мен қоршаған ортының экологиялық тазалығына көп мән беру керек деп ойлаймын. Осындай істен шыққан тұрмыстық заттарды қайта өңдеуге берген дұрыс. Өйткені олар өзінен өзі жойылып кетпейді ғой. Біз де табиғатты, экологияны қорғауға өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз", - деді Нұршат Лайық.

Мектепте биылғы оқу жылында экочеллендж осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Ұстаздардың айтуынша шараға мектеп оқушылары белсене атсалысқан.

"Мектеп қабырғасында өткен экологиялық күннің басты мақсаты қоршаған ортаны қалдықтардан қорғау, қалдықтарды кәдеге жарату. Өскелең ұрпақ бойында туған жері мен табиғатын қорғауға деген жауапкершілік сезімін оятып, бойына сіңіре білу. Іс-шара барысында балалар барлығы тұрмыстық техниканың 202 түрін өткізді", - деді №38 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сағитова Айгүл Әнуарбекқызы.

Экочеллендж қорытындысы бойынша ең белсенді мектеп оқушыларына алғыс хаттар табысталады.

Рекомендуем
Димаш Құдайберген "The World's Best" шоуында америкалық тыңдармандарды таңдандырды 13927

Похожие новости