Астананың алты мектебіндегі әжетханаларда санитарлық нормалар сақталмаған - Жаңалықтар | BNews

Астананың алты мектебіндегі әжетханаларда санитарлық нормалар сақталмаған

05 желтоқсан, 11:21 968 Астана
Астананың алты мектебіндегі әжетханаларда санитарлық нормалар сақталмаған

Шенеуніктер орта білім беретін бірқатар оқу орнында басқа да санитарлық талаптардың бұзылғандығын анықтады, деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің медиа орталығына сілтеме жасап.

Анықталған жағдайларға байланысты мектеп жетекшілігі тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.

Дүйсенбіде қалалық білім басқармасында құрылған жұмыс тобы тексеріс барысында қаладағы кейбір мектептердің  оқу жылы басталмай тұрып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтауға үлгермегендігін анықтады.

Қалалық білім басқармасының өкілі санитарлық тораптарды ауыстыру мен жаңарту шараларына қаражат қажетті көлемде бөлінгендігін айтты.

«Осы жылдың көктемі мен жазында барлық нысан тексерістен өтіп, ескертулер бойынша актілер жасалған болатын. Білім беру мекемелерінің тарапынан ұсынылған бюджеттік арыздарға сәйкес нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарына, сондай-ақ, 42 нысандағы санитарлық тораптарды ауыстыру мен жаңарту шараларына қаражат қажетті көлемде бөлінген-ді», - деп хабарлады қалалық білім басқармасының өкілі.

Жоғарыда көрсетілген 42 нысанның алтауында бүгінге дейін әжетханалар қоршалмаса, 10 мектептің санитарлық тораптарындағы қоршаулардың есіктері орнатылмаған.

«Басқа нысандардағы санитарлық тораптар талаптарға сай келеді. Жоғарыда аталғанның негізінде қысқы демалыстың аяғына дейін нормаларды бұзу фактілерін дұрыстау бойынша барлық қажетті шара қолданылатын болады», - деп мәлімдеді қалалық білім басқармасында.

Бұдан бөлек, жұмыс тобы тексеріс барысында басқа да санитарлық нормалардың бұзылғандығын анықтады. Мәселен, кей мектептердегі санитарлық тораптарда жеке гигиена құралдары қойылмаған.

«Аталмыш мекемелердің жетекшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады», - деп атап өтті білім басқармасында.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Facebook әлеуметтік желісінде елорданың №7 гимназиясындағы әжетханалардың суреттері жарияланған болатын. Суретте әйелдерге арналған санитарлық тораптардағы әжетханалардың арасында қоршаудың жоқтығы тайға таңба басқандай көрініп тұр.

Суреттер жарияланған соң, Астана қаласы білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин елордадағы барлық мектептердің санитарлық нормаларды сақтау-сақтамауын тексеруді бұйырды.

Жыл сайын оқу жылы басталмас бұрын арнайы құрылатын жұмыс тобы оқу орындарын тексерістен өткізеді. Комиссия құрамына ТЖ және қоғамдық денсаулықты қорғау департаменттерінің, денсаулық сақтау және білім басқармаларының қызметкерлері кіреді. Нысанды қабылдау кезінде өрт қауіпсіздігінің жүйесі, тамақтану орындарының жағдайы, жылыту жүйесі, санитарлық тораптар мен т.б. тексеріледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар