Астананың "Арбатында" тұрғындар кітап алмасты

22 шілде, 2018, 16:38 2279 Астана
Астананың

Елордадағы алғашқы "Astana Kitap Fest" фестивалінің мақсаты – халық арасында кітап оқуды дәріптеу, қалалықтардың кітап мәдениеті деңгейін жоғарылату.

Елорда тұрғындары кітап алмасты. "Astana Kitap Fest" аясында демалыс күндері Астанада ашық аспан астында қоғамдық кітап сөресі жұмыс істеді. Тұрғындар өз қалауынша ұсынылған кітаптардың ішінен өзіне ұнағанын таңдап, оқып шыққан кітабына алмастыра алды, деп хабарлайды BNews.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Кітап фестивалі Астана қаласы әкімдігінің, ҚР Президентінің халықаралық "Болашақ" стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының, "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы және Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өтті.

Елордадағы алғашқы "Astana Kitap Fest" фестивалінің мақсаты – халық арасында кітап оқуды дәріптеу, қалалықтардың кітап мәдениеті деңгейін жоғарылату. Аталмыш шара аясында елорданың "Арбатында" кітап алмасу ұйымдастырылды. Тұрғындардың бірі өзіне ұнаған кітапты ешқандай ақы төлемей үйіне алса, енді бірі керісінше оқып шыққан кітабын қоғамдық сөреде қалдырған болатын.

"Болашақ" қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінованың айтуына қарағанда, мұндай сөрелер қалалықтар үшін таңсық дүние емес. Астананың көптеген сауда орталықтарында жұмыс істейтін қоғамдық кітап сөрелері бүгін халықтың жақсы бағасын алып үлгерген.

"Біздің Қауымдастықтың бастамасымен Астанада былтырдан "Вolashak books" жобасы іске асырылып келеді. Бұл – әлеуметтік білім беру жобасы. Бүгінгі таңда қоғамдық кітап сөрелері "Сарыарқа", "Ханшатыр", "АжарMall", "Азия парк", "Керуен" сияқты сауда орталықтарында бар. Жобамыз, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдерінің арасында кеңінен танымал, сұранысқа ие. Кітаптар қашанда қолжетімді бола бермейді ғой?! Біз жастардың тегін оқу, даму, жаңашылдықтарды тану мүмкіндігінің бар екендігін көрсін дейміз. Табысты түрде жүзеге асып жатқан жоба болашақта да өз жалғасын табады", - деп алға тартты Лаура Демесінова.

Сонымен қатар, "Astana Kitap Fest" кітап фестивалінің аясында қала тұрғындары мен қонақтары түрлі салада зор жетістіктерге қол жеткізген атақты астаналық тұлғалармен кездесті. "Талап" қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев, "Дарын" академиясы мен "Жастар" футбол клубының негізін қалаушы Әділ Игембердиев пен "Томирис" фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Альмира Тұрсын Bookdating алаңында жиналғандарға өздері тамсана оқыған кітаптары, сүйікті авторлары жайлы айтып берді.

Айта кетейік, Book Dating аясындағы мұндай кештер елордада үш жыл қатарынан ай сайын өткізіліп келеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар