Астананың Байқоңыр ауданында жаңа ХҚКО ашылды

02 қараша, 2018, 13:09 3416 Астана
Астананың Байқоңыр ауданында жаңа ХҚКО ашылды

Бұл елордадағы 10-шы халыққа қызмет көрсету орталығы.

Бүгін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Астана қаласы Байқоңыр ауданының тұрғындары үшін жаңа фронт-офис ашты, деп хабарлайды BNews.kz. Бұл – Елордадағы 10-шы халыққа қызмет көрсету орталығы. Салтанатты іс-шараға мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов және Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Ерлан Каналимов қатысты.

Байқоңыр ауданы Астанадағы Сарыарқа және Алматы аудандарының кейбір бөліктерінен құралған. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін ұйымдастырылған жаңа ХҚО Абай даңғылы, 80 үй мекен-жайында орналасқан.

"Тағы бір фронт-офистің ашылуы астаналықтардың таңдау мүмкіндігін ұлғайтып, басқа бөлімдердегі жүктемені азайтуға септігін тигізеді. Ғимарат кең және ыңғайлы болғандықтан, азаматтарға қажетті секторлардың барлығы бар: жеңілдік терезесі, қоғамдық қолжетімділік пунктілері, өзіне-өзі қызмет көрсету және ЭЦҚ беру секторы, сондай-ақ миграциялық полиция қызметкерлерінің секторы мен кассалар", - деді "Азаматтарға арналған үкіметтің" төрағасы Абылайхан Оспанов.

Жаңа бөлім үш қабатты ғимараттың 2 мың шаршы метрден астам ауданды құрайтын бірінші қабатында орналасқан. Бұл жерде операторларға арналған 13 жұмыс үстелі, өзіне-өзі қызмет көрсету секторында 15 жұмыс орны және электрондық цифрлық қолтаңба берілетін 4 үстел бар. Сондай-ақ  азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеп, құжаттарын дайындаумен айналысатын миграциялық қызмет мамандарына 4 жұмыс орны қарастырылған. Оның үстіне тұрғындар мемлекеттік бажды бөлімнің аумағында ашылған кассаларында төлей алады.

Байқоңыр аудандық ХҚО-да мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға да барынша жағдай жасалған: пандустар, жеңілдік терезесі, шақырту тетіктері. Бөлімге келушілер үшін арнайы автотұрақ та бар.

Ғимараттың екінші және үшінші қабаттарында да "Азаматтарға арналған үкіметтің" бөлімдері, яғни жылжыматйын мүлікті тіркеп, зейнетақы мен жәрдемақыны есептейтін бэк-офистері орналасқан.

Еске сала кетейік,, халыққа қызмет көрсету орталықтары дүйсенбі мен сенбі аралығында сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар