Астананың қазақ драма театры Мәскеуде Халықаралық театр форумына қатысады

30 қараша, 2018, 19:28 3023 Астана
Астананың қазақ драма театры Мәскеуде Халықаралық театр форумына қатысады

XVI Халықаралық "Золотой витязь" Театр форумына Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия мемлекетінен театр ұжымдары қатысады.

Мәскеу қаласында өтетін XVI Халықаралық "Золотой витязь" Театр форумына Астана қаласы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры У.Шекспирдің "Отелло" трагедиясымен қатысады, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қойылым режиссері, Қазақстанның Халық артисі, профессор – Талғат Теменов. Пьесаның қақтығысы жүректегі сенімнің, махаббат пен қызғаныштың қайшылықты сезімдеріне негізделген. Ягоның ашкөздігі мен кез келген жолмен мансап сатысына көтерілу мақсаты Кассионың адалдығы мен қос ғашық Отелло мен Дездемонаның таза және шынайы махаббаттарынан әлдеқайда күштірек.

"Отелло рөлінде театрымыздың талантты актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев өнер көрсетсе, Дездемона бейнесінде нәзіктігі мен сұлулығы бір арнада тоғысқан жас актриса Ақмарал Танабаева, өз кейіпкерінің ішкі жан күйзелісін көрермен жүрегіне жеткізеді. Ұнамсыз Яго кейіпкерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуіловтің тамаша темпераментті ойынынан тани аласыздар. Брабанционы Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов кейіптейді", - делінген хабарламада.

"Отелло" шығармасында трагедия жанрының негізгі заңдары айқын байқалады: үміттердің құлдырауы, шындықты өзгертудің мүмкін еместігі, басты кейіпкерлердің өлімі.

Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының мәліметінше, XVI Халықаралық "Золотой витязь" Театр форумына Қазақстан, Ресей, Болгария, Грузия мемлекетінен театр ұжымдары қатысады. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры театры "Театр – большая форма" номинациясы бойынша 2 желтоқсан күні Мәскеу қаласы, А.Джигарханян театрының сахнасында өнер көрсетеді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар