Астананың қонақтары мен тұрғындары үшін 1000 литр Наурыз-көже әзірленеді - Жаңалықтар | BNews

Астананың қонақтары мен тұрғындары үшін 1000 литр Наурыз-көже әзірленеді

19 наурыз, 2018, 16:56 4237 Астана
Астананың қонақтары мен тұрғындары үшін 1000 литр Наурыз-көже әзірленеді

Биыл ЭКСПО көрмесінің аумағы Наурыз мейрамын тойлайтын қалалық басты алаң болып саналады. Онда 21 наурызда сағат 13:00-де мерекелік бағдарлама басталады.

Астанада 21 наурызда көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамын тойлауға арналған ауқымды шаралар, халықтық серуендер басталады. Ашық алаңдардағы жалпықалалық шаралар 22 наурызда жалғасын табады, деп хабарлайды BNews.kz Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Наурыз мейрамына арналған бағдарлама аясында елорда тұрғындары мен қонақтары ЭКСПО көрме кешенінің аумағында бірегей этноауыл мен тақырыптық киіз үй-музейлерді, "Қазақ елі" монументі алдындағы алаңда "Дала қазығы" тарихи ортағасырлық жекпе-жектер турнирін, сондай-ақ қазақстандық эстрада жұлдыздары мен жетекші шығармашылық ұжымдардың қатысуымен театрландырылған қойылымдар мен концерттер тамашалай алады.

ЭКСПО аумағындағы алаң

Биыл Наурызға орайластырылған басты шаралар ЭКСПО көрме кешенінің аумағындағы алаңда өтеді. Мұнда 21 наурызда сағат 13:00-де мерекелік бағдарлама басталады. Көрме аумағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін этноауыл ашылады. Келушілерді қазақ халық ертегілерінің кейіпкерлері құшақ жая қарсы алады

Этноауыл қонақтарының арасында қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, армрестлинг және гір көтеруден сайыстар өткізіледі. Бұдан басқа, ниет білдірген жандар "Қой көтеру" сынды ұлттық ойында күш сынасады, алтыбақан тебеді.

Киіз үй қалашығының аумағында сыйымдылығы 1000 литрлік тайқазан орнатылады, оның жанында театрландырылған қойылым көрсетіледі. Сонымен қатар, жиналған қауымның назарына жетекші отандық артистердің қатысуымен мерекелік концерт ұсынылады. Этноауылға келушілер қазақ халқы ежелден өсіріп келе жатқан тазы мен төбеттер көрмесін тамашалай алады.

Арнайы ұйымдастырылған фудкорт аймағында шығыс аспаздығынан ыстық тағамдар сатылады.

Этноауыл аумағында орналасқан төрт киіз үйден тұратын музей кешені келушілердің ерекше ықыласына бөленбек. Бірінші киіз үй ежелгі түркі жазбасына және мәдениетіне арналады. Мұнда ежелгі түркі жазбалары жазылған тас стеллалардың реконструкциясы ұсынылған, экскурсоводтар адамдарға бұл тарих ескерткіштерінің пайда болуы туралы айтып береді.

Екінші киіз үй "Ұлттық музыкалық аспаптар музейі" деп аталады. Мұнда қонақтар домбыра, нарқобыз, дауылпаз, жетіген, сырнай және басқа да ескі аспаптардың реконструкциясымен таныса алады, сондай-ақ аталған аспаптарды жасау тарихы мен дамуы туралы әңгімелер тыңдайды.

Үшінші киіз үй – "Ұлттық этнография және зергерлік бұйымдар музейі". Келушілер назарына қазақ халқының тұрмысындағы ескі заттар ұсынылады, атап айтқанда, адалбақан, жағлан, кебеже, жүкаяқ және басқалары, сонымен қатар батысқазақстандық шеберлердің ескі зергерлік бұйымдары - сәукеле, өңіржиек, өңіртал, құдағи жүзік, белдік, асатаяқ және т.б. әшекейлер. 

Төртінші киіз үй – "Ұлттық кілем өнімдері музейі". Қонақтар ескі түкті және түксіз кілемдерді, сондай-ақ киіз бен жібектен жасалған кілемдерді тамашалайды, ал гид оларды аталған бұйымдарды жасаудың ежелгі технологиясымен таныстырады.

ЭКСПО көрмесінің аумағындағы мерекелік бағдарлама 22 наурызда жалғасын табады.

 "Қазақ елі" монументінің алдындағы алаң

Наурыз мейрамына арналған шаралар ұйымдастырылатын тағы да бір үлкен алаң – "Қазақ елі" монументінің алдындағы аумақ болмақ. Мұнда мерекелік бағдарлама 21-22 наурызда сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін өткізіледі.

Көрермендер қазақстандық эстрада жұлдыздарының, би және аспапты ұжымдардың қатысуымен өтетін концерт пен театрландырылған қойылымды тамашалай алады.

Монументтің алдындағы алаңда киіз үй қалашығы ашылып, алтыбақандар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізуге арналған спорттық ареналар, сонымен қатар сауда палаткалары орнатылады.

21-22 наурызда мерекелік бағдарлама аясында "Дала қазығы" тарихи ортағасырлық жекпе-жектер бойынша халықаралық турнир ұйымдастырылады. Оған Қазахстан, Ресей, Украина, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен 80-нен артық реконструктор қатысады деп күтілуде. Жарыстың бірінші күні қалқан-семсер, семсер-баклер, бір жарымдық семсер, алебарда форматындағы жеке сайыстар, ал екінші күні командалық сайыс өткізілмек.

Қалалық алаң, "Студенттік" саябақ, "Жастар" театры және тұрғын алаптары

Мұнымен қоса, 21 және 22 наурызда дәстүрлі халықтық серуендер елордалық әкімдік алдындағы қалалық алаңда, "Студенттік" саябақта.

Қалалық алаңда және "Студенттік" саябақта киіз үйлер, алтыбақандар орнатылып, концерт болады, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар көрсетіледі. Мерекелік концерттер мен театрландырылған қойылымдар 22 наурызда "Жастар" театрының алдындағы алаңда да ұйымдастырылады.

Наурызға орайластырылған шаралар елорданың тұрғын алаптарында 17 наурызда басталды. Бүгінде "Железнодорожный", "Интернациональный", "Мичурино" және "Промышленный" тұрғын алаптарында Наурыз мейрамы аталып өтті. 21 наурызда халықтық серуендер "Пригородный" және "Үркер", 22 наурызда "Көктал-1" және "Өндіріс", 23 наурызда "Сарайшық" шағын ауданында жалғасын табады.

Ашық аспан астында өтетін ауқымды шаралардан басқа Астана қаласының барлық мәдени мекемелерінде Наурызға орайластырылған шаралар да ұйымдастырылады.

Елорда тұрғындары мен қонақтарын көктемнің шуақты мерекесі Наурыз мейрамын бірге тойлауға шақырамыз!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар