"Ата кәсіп" деректі фильмі Ораз Әбішев атындағы жүлдені жеңіп алды

09 қараша, 2018, 12:52 3233 Алматы

Фильмнің режиссері Берік Жаханов.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жарыққа шығарған "Ата кәсіп" деректі фильмі Алматы қаласында қарашаның 5-сі мен 8-і аралығында өткен "Бастау" кинофестивалінде Ораз Әбішев атындағы "Үздік деректі" фильм жүлдесін жеңіп алды, деп хабарлайды BNews.kz.

Алматыда "Бастау" студенттік фильмдер мен киномектептер кинофестивалінің жабылу салтанаты өтті. Аталған жүлдені жас режиссер Берік Жахановқа  қазақ деректі киносының белгілі тұлғасы Ораз Әбішевтың ұлы Қанат Әбішев табыстады.

"Осындай мәртебелі жүлде алғаныма қуаныштымын. Бұл мен үшін өте маңызды. Түсіру тобына және де маған сенген барлық жандарға алғысымды білдіремін. Әсіресе "Қазақфильм" киностудиясына, және бізді бағыттап, ерекше қолдау білдірген Әсет Ерназаровқа рахметімді айтамын", - деді режиссер Берік Жаханов.

"Қазақстанның түркі тектес халықтары" циклы бойынша түсірілген  деректі фильм ата кәсіп – бесік жасаумен айналысатын Абдуманат есімді шебердің өмірін баяндайды.

Айта кетсек, жыл сайын өтетін студенттік фильмдер мен киномектептер басқосуы биыл "Бастау" халықаралық кинофестивалінің дирекциясы, Алматы қаласының әкімшілігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер Академиясы, "Тұран" университеті және Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясының қолдауымен өткізілді.

Биыл халықаралық бағдарламаның іріктеу комиссиясына 300-ден астам фильмдер келіп түсті. Нәтижесінде халықаралық қазылар алқасы мен студенттік  қазылар алқасының назарына 22 елден барлығы 47 фильм ұсынылды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар