Атырау облысының мұнай кәсіпорындарында жұмысшылардың жалақысы 30%-ға көтерілді

28 қараша, 2018, 15:11 1662 Атырау облысы
 Атырау облысының мұнай кәсіпорындарында жұмысшылардың жалақысы 30%-ға көтерілді

Ірі компаниялар өз қызметкерлерінің жалақысын біртіндеп көтермек.

Биылғы жылдың қазан айында Мемлекет басшысы "Қазақстандықтардың  әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Жолдауында Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Елдің барлық өңірлерінде компания басшылары Президент бастамасын қолдап, өз қызметкерлерінің жалақысын арттыра бастады, деп хабарлайды BNews.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Атырау облысындағы мұнай саласының жергілікті кәсіпорындары Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттері аясында өз қызметкерлерінің қаржылық тұрақтылығын жақсарту жұмысын бастады. Қазірдің өзінде бірқатар компаниялар қызметкерлерінің жалақысын орта есеппен 10-30%-ға арттырған.

Өз жолын қарапайым маманнан бастаған қазірде "Caspian contractors trust" ЖШС цехының басшысы М. Жарылғаповтың айтуынша, цех тапсырысы көп болған кезде ол үстемелерді қоса есептегенде 350 мың теңгеге дейін айлық алады.

"Жыл сайын лауазым мен жалақы да артып келеді. Бұған дейін табысым 250 мың теңге болатын. Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін басшылық жалақыны 50 мың теңгеге көтерді. Жұмыскерлердің орташа жалақысы – 100-150 мың теңге. Жалақының артуы отбасыма үлкен қолдау болды", - деді М. Жарылғапов.

Бұл кәсіпорында 255 адам бір айда 2 мың тонна металл конструкциясын өндіреді.  Қазіргі уақытта қызметкерлердің 50%-ның жалақысы артқан. Ең алдымен, бұл - жұмысшы мамандар. Болашақта компания өкілдері бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Соңғы деректерге сүйенсек, ондаған шағын және орта бизнес кәсіпорындары жаңа жылдан бастап жалақыны көтеру міндетттемесін алған, ал экономикалық тұрғыда мықты компаниялар басқаларға үлгі болып, бүгінннің өзінде нақты нәтиже көрсетіп отыр.

Атырау облысы бойынша "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының директоры А. Ыдырысовтың айтуынша, қазіргі кезде мемлекеттік органдар мен шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ұйымдар жұмыс берушілер үшін түсіндіру жұмыстарын бірге жүргізіп жатыр.

"Біз Атырау облысындағы 250-300 жуық адам жұмыс істейтін алты мұнай кәсіпорнында болдық. Олардың жалақылары 10-30%-ға өскен. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдері де Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға өз үлестерін қосуға тырысып жатыр", - деді А. Ыдырысов.

Мемлекет басшысының саясатын қолдайтын ірі компаниялар өз қызметкерлерінің жалақысын біртіндеп көтермек. Еңбек жағдайлары, мамандардың кәсіби біліктіліктері мен тәжірибелері ескерілетін болады. Өйткені, отандық кәсіпкерлер лайықты жалақы төленген жағдайда ғана сапалы өнім өндіруге болатынын түсінеді.

Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындары өз қызметкерлерінің жалақысын көтеруге ниетті екенін мәлім еткен болатын. "Фирма "Азия" ЖШС құрылыс компаниясы 2019 ж. 1 қаңтарынан бастап жұмыскерлерінің ең төменгі жалақы мөлшерін 50%-ға дейін арттырады. "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ЖШС да жұмыскерлерінің жалақысын көтеру мәселесін қарастырып жатыр.  

Алматы облысында "Алматы бояулары" ЖШС, "Абди Ибрагим Глобал Фарм" ЖШС, "Жаркент крахмал сірне зауыты" ЖШС қызметкерлерінің ең төменгі жалақы көлемін көтеру туралы шешімдерін мәлім етті.

Биылғы жылдың қазан айынан бастап Қарағанды облысындағы "Мутлу Экспорт" ЖШС зауытының жұмыскерлерінің жалақысы 34%-ға артты.

Павлодар облысында Президент Жолдауын қолдау мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Еуразиялық топ" кәсіпорнының 23 мың жұмыскерінің жалақысы көтеріледі.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар