Атырауда алғашқы мамандандырылған ХҚО ашылды

14 желтоқсан, 2018, 17:09 3180
Атырауда алғашқы мамандандырылған ХҚО ашылды

Енді атыраулықтар да теориялық және тәжірибелік емтихандарды арнайы жабдықталған бөлме мен автодромда автоматтандырылған жүйе бойынша тапсыру мүмкіндігіне ие болды.

Бүгін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Атырау облыстық әкімдігі және облыстық полиция департаментімен бірлесіп, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын ашты, деп хабарлады "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ баспасөз қызметі.

Салтанатты іс-шараға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, мемлекеттік корпорацияның төрағасы Абылайхан Оспанов және облыстық полиция департаментінің басшысы Аян Дүйсенбаев қатысты.

"Қазақстандағы ең алғашқы мамандандырылған ХҚО 2012 жылы Қарағандыда ашылған болатын. Бүгін біз Атырау өлкесінде де автожүргізушілерге арналған орталық ашу арқылы Қазақстанның барлық аймағын мамандандырылған ХҚО-мен қамтамасыз ету жобасын сәтті жүзеге асырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Қазір елімізде 16 МХҚО мен осы бағытта жұмыс істейтін 5 сектор бар", - деді Абылайхан Оспанов.

Енді атыраулықтар да жүргізуші куәлігін алу және көлікті тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді зәулім ғимаратта алып, теориялық және тәжірибелік емтихандарды арнайы жабдықталған бөлме мен автодромда автоматтандырылған жүйе бойынша тапсыру мүмкіндігіне ие болды.

"Халықтың игілігі үшін салынған бұл орталықтың көлемі 2 жарым мың шаршы метрді құрайды. Қажетті қызметтердің барлығын осы ғимараттан шықпай-ақ, екі сағаттың ішінде алуға болады. Мұнда біздің 32 жұмысшымен қатар әкімшілік полициясы және медицина мамандары да қызмет көрсетеді, сондай-ақ төлем қабылдайтын кассалар да бар", - деді "Азаматтарға арналған үкімет" Атырау облыстық филиалының директоры Мұса Хайруллиев.

Мамандандырылған ХҚО Атырау-Астрахань тасжолының бойында Солтүстік өндірістік аймағы, 69 мекенжайында орналасқан. Дүйсенбі-сенбі аралығында сағат таңғы 9.00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтін жаңа орталықтың ашылғанына облыс тұрғындары да дән риза.

"Бұрын көлігімізді тіркеу үшін бір күн бойы әбігерленіп жүруші едік, енді бұл шаруаны екі сағаттың ішіндетындыра аламыз. Бұл өте ыңғайлы және тиімді. Халыққа осындай қолайлы жағдай жасап жатқан Елбасымызға және "Азаматтарға арналған үкіметке" үлкен алғыс білдіремін", - дейді қала тұрғыны Абылай Сағымбаев.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Атырау облысы #ХҚКО #Азаматтарға арналған үкімет #Нұрлан Ноғаев

Читайте также

Похожие новости