Қызылорда ауылдарының біріндегі мектеп түлектерінің барлығы грант иегері атанды

09 қазан, 2018, 13:31 772 Қызылорда облысы
Қызылорда ауылдарының біріндегі мектеп түлектерінің барлығы грант иегері атанды

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектебін өткен оқу жылында бітірген 7 түлек те грант иеленген.

Қызылорда облысы Қармақшы ауданының Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектебін өткен оқу жылында 7 түлек тәмамдады. Шағын ауылдан түлеп ұшқан  талапты шәкірттердің барлығы да білім грантын иеленіп, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде оқып жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.

Бұл мектеп жарты ғасырдан астам тарихында мыңдаған шәкіртке жолдама беріп, қанатын қатайтқан.  Осыдан ширек ғасырдай уақыт бұрын өзіміз ұшқан алтын ұяның жақсы жаңалықтарын қалт жібермеуге ты­рысамыз. Соңғы жылдары шал­ғайдағы ауылға жаңа мектеп салы­нып, барлық заманауи оқу құрал-жабдық­тарымен қамтамасыз етілді.

Жақында мектеп директоры Жанұзақ Ордановпен жолыққанда "биылғы оқушыларымыздың бәрі грантқа түсті" деген қуанышты хабар айтты. Бітірушілер Ұлттық бірыңғай тестілеуге түгел қатысып, 72 мен 100 аралығында балл жинады. Химия, биология, география, математика пәндерінен жақсы нәтиже көрсетті.

Қазір мектеп түлектері Мадина Ибадулла мен Айзере Басқынбай Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік уни­верситеттің "Фармацевтика", Ару­жан Бекқұл мен Шакарбану Рама­динова М.Қозыбаев атындағы мемлекеттік университеттің "Дефек­тология", "Мектепке дейінгі даяр­лық", Ақділдә Байшуақов пен Бексұлтан Құснадин Ш.Құдайбердиев атындағы мемлекеттік универ­ситетінің "Геодезия және картография", Өміркүл Шілдебаева Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің "Бас­тауышты оқыту әдістемесі" мамандықтарында білім алуда. Бұл – сөз жоқ, ата-аналар үшін де, ұстаздар үшін де зор қуаныш. Шәкірттердің өздері болашақта таңдаған мамандықтарын меңгеруге күш салып жүр.

Соңғы жылдардағы білім грант­тарының көбейгені, оған "Серпін" бағдарламасы, облыс әкімінің гранты сияқты мүмкіндіктердің қо­сылғаны, әсіресе, шалғай ауылдағы шәкірттердің жолын ашты, білімге деген ұмтылыстарын қанаттандырды. Оның нәтижесі қуаңдариялық түлектердің жетістігінен айқын аңғарылады.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар