Аутизм – ауру емес, адамның дүниеге келгендегі физикалық күйі

31 шілде, 2018, 17:26 2615
Аутизм – ауру емес, адамның дүниеге келгендегі физикалық күйі

Мұндай қорытындыны дүниежүзілік дәрігерлер шығарды. Ал қазақстандық мамандар әлі күнге дейін аутизмді медициналық аурулардың қатарына қосып жүргені өкінішті.

Дүниежүзі бойынша аутистикалық спектр ауытқуы бар балалардың саны көп. Қазақстан да бұл көрсеткіштен сырт қалмады. Диагнозына қарамастан, мұндай балалар да білім алуға құқылы. Құқығын шектеуге себеп жоқ. Осы орайда BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі елімізде аутизмге шалдыққан балалар қалай білім алады, олардың мектеп партасына отыруына кім ықпал етіп жатыр, ата-аналары не істеу керек? деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Ауруын жасырған өледі...

Біз айтпай жасырған, оларды қоғамнан алшақ ұстап келген диагноздар баршылық. "Бүгінде сондай аурулар көбейіп кетті" деп те айтамыз. Ондай аурулар көбейген жоқ, сырқаттың бар екенін жариялап, жасырмайтын жандардың саны артты. Әлеуметтік желі, цифрланған ғалам ақпараттың тез тарауына әсер етіп жатыр. Бұрын бала "жаман" аурумен ауырса, үйінен шықпай, отбасын ғана көріп өскен. Тіпті, ата-анасының өзі сырқат баласын көрсетуге ұялған. Ал, қазір сана мен қоғам өзгерді. Баласы үшін күресетін ата-аналар көбейді. Ата-аналар мен балаларын қолдайтын және қорғайтын мекемелер ашылды. Арнайы заңдар қабылданып, құқығы қорғалды. Солардың ішінде еліміздегі аутизмге шалдыққан балалардың да сапалы білім алуына мүмкіндік беретін "Әр бала мектепке лайықты" жобасының ауқымы кеңейді.

Аутизм  ауру емес

Шындығында, аутизм – ауру емес, адамның дүниеге келгендегі физикалық күйі. Дүниежүзілік дәрігерлер осындай қорытынды шығарды. Ал қазақстандық мамандар әлі күнге дейін аутизмді медициналық аурулардың қатарына қосып жүргені өкінішті.

Қазақстанда "Болашақ" корпоративтік қоры 2015 жылдан бастап аутизмге шалдыққан балалардың басқа балалармен бірдей мектепке баруын қолдайтын бірегей жобаның атқарған жұмысын статистика мен балалардың жетістігі дәлелдеп тұр. Қор инклюзияны мектепке енгізгеннен кейін балалардың нәтижесі жақсарды. Басында мектепке баратын баланың саны 10-ға жетпесе, бүгінде Астана мен Алматы қаласында 152 бала болды. Осылайша, аталған екі қалада инклюзияны қолдайтын 10 кабинат ашылды.

Еліміз бойынша алғаш рет аутизмге шалдыққан балаларға арналып дыбысталған фильм көрсетілді. Оған 300 аутизмі бар бала қатысты.

Ақтау, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Орал, Шымкент қалаларында да инклюзияны қолдайтын кабинеттер жабдықталды.

Статистикаға зер салсақ

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әр 160-шы баланың біреуі аутистік спектр ауытқуларынан зардап шегеді. Сонда әлем бойынша 67 000 000 адам аутизммен өмір сүретіндерін көбі біле бермейді, яғни әлемде әр 42-ші ұл бала және әр 189-шы қыз бала аутизм спекторында.

Елдегі көрсеткіштер де мәз емес.
Қазақстанда халықтың 30,4% – 0-ден 17 жастағы балалар (ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың жағдайы туралы баяндамасынан), яғни жалпы халық саның ескерсек (17 670 597 адам) – бала саны 5 371 874 құрайды, бұл 33 574 бала АСА спектрінде деген сөз. Бұл статистика елдегі мектептерге инклюзияны қарқынды түрде енгізу керек екеніне себеп болып отыр.

Ана бақыты...

Қазақстандағы АСА спектріндегі балалардың жақсы нәтижеге жетіп келе жатқанын аналары қуанышпен бөліседі. Әсем Жанасова қызының ерекше қабілеттерін, я болмаса, үлкен жетістікке жететіне сенбегенін жасырмады.

"Шынымды айтсам, ана ретінде өзім баламның жақсы жетістікке жете алатынына, оның ерекше қылықтары бар екеніне күмәнданатын едім. Міне, қазір қызым Айлин 3-сыныпта оқиды. Басында баспа әріптерімен жазатын. Қазір кәдімгі дәптерге әп-әдемі қылып жазады. Мұның мүмкін екеніне сенбейтінмін. Бүгін, керісінше, баламның түрлі қырын ашып жатырмыз. Өзім таң қалып келемін. Әрине, бәрі бірден бола қойған жоқ. Мектеп, сыныптағы балалар, мұғалімдер, тютер, ата-ана – барлығы ауқымды жұмыс атқарып, аутизмі бар қызымды қоғамға бейімдеді. Ата-ана үшін бұдан артық бақыт жоқ", - дейді ол.

Баланың білім алуына ата-анасы қандай шара қолдану керек?

Әсем Жанасова балаларының инклюзивті білім алуы үшін өзге ата-аналарға қандай шара қолдану керектігін де айтты.

"Кейде ата-аналар балаларын үйінде оқытқанды оңай санайды. Бірақ егер дәрігер балаңызды кәдімгі мектепте білім алады деген қорытынды шығарып берсе, онда өз қалаңыздағы осындай диагнозы бар ата-аналармен жиналыңыз. Қалаңыздағы мектептердің біреуінен болса да, инклюзивті сынып ашуға ұмтылыңыз. Білім басқармасына өтініш жасаңыз. "Болашақ" корпоративтік қорына хабарласуға болады. Содан кейін балаңыздың жетістігіне қарап, өзгеге айтасыз. Өзге ата-аналар да солай сізге қарап, баласын ертіп келеді. Яғни, әр ата-ана өз баласына жауапты. Оған білім алуға мүмкіндік бере отырып, екінші баланың ата-анасына ықпал ете алады", - деді Әсем Жанасова.

Бұған қарап, әр ата-ана өз баласы үшін өзінен бастау керек екенін түсінеміз. Ал, "Болашақ" корпоративтік қоры қолдап, мектепте инклюзивті білім беретін мекеме санын көбейтсе, мүмкін олардың ішінен Энштейн мен Ньютондар шығып қалар. Бұл тізімге Больцман, Планк, Эренфест, Менделеев, Шредингер, Дарвин және тағы басқа вундеркингтерді жатқызуға болады. Иә, таң қалмаңыз. Әлемге танымал данышпандардың қатарын қазақ баласы да жалғастыруы әбден мүмкін. Себебі, аутист балаларда ерекше қабілет болатынын бәріміз білеміз.

Мамандар сөйлейді

Жоғарыда ата-ана пікірін білдік. Енді аутизмге шалдыққан баланың білім алуына ықпал ететін Астана қаласындағы №71 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Шахерезада Мұхтарқызы инклюзивті сыныпта білім алып жатқан аутист балалардың мінез-құлқы өзгеріп, дамып келе жатқанын алға тартты.

"№71 мектеп-лицейінде инклюзивті сынып 2015 жылдың қазан айында жоба ретінде енгізілді. "Болашақ" корпоративтік қорының ұсынысымен бізде ресурстық кабинет ашылды. Мұнда аутизмы бар балалар психолог, логопед және эрготерапевт мамандарының қызметін алады. Бұрын мұндай балалар тек 15 минутқа ғана жалпы сыныптарға кіргізіліп, балалардың жанында отырып шығатын. Ал қазір инклюзивті сыныпта білім алудың арқасында ерекше балалардың мінез-құлқының өзгергені байқалды. Олар кәдімгі оқушылар сияқты 45 минут осы сыныпта отырып білім алуға, таңертең келіп, түсте кетуге үйренді, тіпті кейбір балалар үй тапсырмасын орындап та келетін деңгейге жетті", - деді Шахерезада Мұхтарқызы.

Сондай-ақ, ол бастапқы кезде жалпы оқушылардың ата-аналары "Ондай балалар кез келген сәтте айғайлап немесе жылап жіберулері мүмкін, содан біздің балаларымыз шошынып қалуы ықтимал" деп, балаларымен бірге аутизмы бар оқушылардың білім алуына қарсылықтарын білдіргенін айтып өтті.

"Содан кейін біз ата-аналармен жиналыстар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Ал қазіргі кезде кәдімгі балалар аутизмы бар оқушылардан қорқу былай тұрып, оларға ерекше мейірімділікпен қарайтын, қолдарынан келгенше көмектесетін болды. Мысалы, заттары түсіп қалса, алып беріп, жазуын көрсетіп, сабақтың түсінбей қалған жерлерін түсіндіріп береді. Мұны көрген кәдімгі балалардың ата-аналары аутист балаларда қабыл алып, олардың бірге білім алуларына рұқсат берді", - деп түсіндірді бастауыш сынып мұғалімі.

Ол бүгінгі таңда ерекше балалармен атқарып жатқан жұмыстарының алғашқы нәтижелерін көріп жатқандарын айтты.  

"Қазір біз мұндай балалармен істеп жатқан жұмысымыздың нәтижесін көріп жатырмыз. Олар мектептен тыс шараларға қатысып, жүлделі орындар алып келіп жатыр. Мысалы, жақында бір баламыз Назарбаев атындағы Президент мұражайында өткен шараға қатысып, мектебімізге жүлде алып келді", - деп мақтанышпен жеткізді №71 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі. 

Сонымен қатар, ол аутист балалардың ерекшелігіне тоқталып өтті.

"Бұл аутизмы бар балалардың ерекшелігі – олардың біржақты дамуында. Өйткені бұл балалар не математик, не әнші болады. Біздің міндетіміз – олардың бойындағы сол қабілеттерді көріп, одан әрі дамыту", - деп сөзін түйіндеді Шахерезада Мұхтарқызы. 

Ал "Әр бала мектепке лайықты" жобасына жетекшілік етенін "Болашақ" корпоративтік қорының директоры Динара Шайжүнісова Қордың қалай пайда болғанын баяндап берді.

"Қор 2011 жылы "Болашақ" мемлекеттік бағдарламасы түлектерінің қауымдастығы, соның ішінде қазіргі Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбектің бастамасымен құрылды. Содан кейін 2015 жылдан бастап "Әр бала мектепке лайықты" жобасын іске асыра бастады. Бұл жоба аутизмы және басқа да қажеттіліктері бар ерекше балаларға инклюзия енгізуді қолға алды. Әсіресе, практикадан көбіне осындай балалар білім алуға келгенде бірден қабылдап ала алмайтынымыз білеміз. Осы жоба арқылы Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасаймыз", - деді Динара Шайжүнісова. 

Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы туралы конвенцияға, Білім туралы заңға, Қазақстан Республикасының Конституциясына қарамастан, мұндай балалары бар отбасылардың құқығы шектеліп жатады.

"Барлығы заңда толық көрсетілгенмен, үнемі орындала бермейді. Осы проблема туралы жалпылама қоғамның инклюзияны түсінуіне қатысты пікір айтатын болсақ, бұл жерде кінәлілер немесе кінәлі еместер жоқ. Тек Кеңес үкіметінен қалған үрдіс секілді бір мирас бар, Ол кезде ерекше жаратылған адамдар қатаң, жабық стоционарлық мекемелерге қамалып, қоғамда мұндай адамдар жоқ сияқты болып көрінді. Жалпы мұндай мәселе Қазақстанда ғана емес, үлкен мемлекеттерде де бар. Енді бұл проблеманы шешу үшін біз не істей аламыз? Ол үшін Үкімет белсенділік танытып, инклюзивті қоғам құруға мүмкіндік жасауы керек. Себебі инклюзия мектепте ғана емес, сондай-ақ балабақшаларда, жоғарғы оқу орындарында, кинотеатрларда, би, шығармашылық үйірмелерінде, спорт залдарда және тағы сол сияқты орындарда болуы қажет. Себебі ерекше адамдар өздерін барлық жерде еркін сезініп жүруі керек. Оларды қабылдау да қалыпты жағдайға айналуы керек", - деп сөзін толықтырды "Болашақ" корпоративтік қорының директоры.

Сондай-ақ, ол өздері қолға алған жобаның қалай іске асырылатыныны толықтай айтып берді.

"Жобаны біз қалай іске асырамыз, не істейміз деген сұраққа жауап беретін болсақ, ең алдымен біз мектептерге барамыз, мектеп басшылығымен келісеміз, кейін білім басқармасымен бірлесе отырып, мамандардан құралған спленарлы команда құрамыз, инклюзияны қолдайтын кабинет ашамыз, кейін сол кабинетті жабдықтаймыз. Осылайша, ерекше балаларды жалпы білім беретін мектептерге дайындай бастаймыз. Яғни, аутизмы бар балалар мектепке бара бастайды", - деп түсіндірді Қор директоры. 

"Жалпы барлық дерлік аутист балалар қасында бір адамның жүруін қажет етеді. Алайда инклюзивті білім беру енгізілгеннен кейін, қасында екінші адамның сүйемелдеуінсіз-ақ мектепке келетін балалар бар. Сонымен қатар, балалар әлеуметтік ортаға бейімделеді, оларда гармония пайда болады. Арасында өмір бойы адамның қарап жүруін қажет ететіндер де бар. Себебі аутизмы бар адамдардың категориясы өте ауқымды. Олардың ішінде аса дарынды, данышпан балалар да, аутизмның өте күрделі, яғни ақыл-есі кем балалар да кездеседі. Сондай-ақ, олардың бірі математикаға өте дарынды болғанымен, жүгіртіп оқи алмауы мүмкін. Бірақ бұл оларды мектептен алып тастауға себеп бола алмайды. Себебі барлық бала білім алуға толық құқылы. Міне осылайша, мамандардың көмегімен инклюзивті білім беру жүзеге асырылып жатыр және жобаның нәтижелері бұған дәлел бола алады", - деп сөзін қорытындылады Динара Шайжүнісова. 

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: