Автобустың өртенуінен 52 Өзбекстан азаматының қаза табуына байланысты іс сотқа жолданды - Жаңалықтар | BNews

Автобустың өртенуінен 52 Өзбекстан азаматының қаза табуына байланысты іс сотқа жолданды

09 шілде, 10:36 1331 Ақтөбе облысы
Автобустың өртенуінен 52 Өзбекстан азаматының қаза табуына байланысты іс сотқа жолданды

Бес адам айыпталушы деп танылды, олардың үшеуі автобус жүргізушісі және "Азия транзит сервис" ЖШС екі қызметкері – құрылтайшы мен серіктестіктің механигі. Автобус иесі халықаралық іздестіруге жарияланды.

Ақтөбе облысының прокуратурасы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында автобустың өртенуі салдарынан 52 Өзбекстан азаматының мерт болуына байланысты істі сотқа жолдады, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бас прокуратура таратқан мәліметке сәйкес, бес адам айыпталушы деп танылды. Оның үшеуі автобус жүргізушісі және "Азия транзит сервис" ЖШС екі қызметкері – құрылтайшы мен серіктестіктің механигі. Аталғандардың міндеті – рейске шығар алдында автобусты тексеру.

"Компания құрылтайшысының әрекеті коммерциялық ұйымдарда міндеттеріне адал қарамау (ҚК-нің 254-бабы), екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға енгізу, сондай-ақ ресми құжатты қолдан жасау, көрінеу жалған құжатты пайдалану (ҚК-нің 385-бабының 1 және 3-бөліктері) ретінде сараланды", - делінген хабарламада.

Механиктің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан жарамсыз автокөлік құралын пайдалануға шығару (ҚК-нің 348-бабының 4-бөлігі) ретінде, ал автобус жүргізушілерінің әрекеті екі және одан көп адамның қаза болуына әкеп соққан көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу (ҚК-нің 345-бабының 4-бөлігі) және екі және одан көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу (ҚК-нің 292-бабының 3-бөлігі) ретінде сараланды.

Сот автобус жүргізушілеріне қамауда күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау, серіктестіктің басшысы мен механикке қатысты кепіл түрінде бұлтартпау шарасын таңдады.

Автобус иесіне күзетпен қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы тағайындала отырып, халықаралық іздестіруге жарияланды.

Еске салсақ, 2018 жылдың 18 қаңтарында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданындағы тас жолда қазақстандық автобус өртеніп, қайғылы оқиғаның салдарынан Өзбекстанның 52 азаматы қайтыс болған. 

Өртеніп кеткен автобус техникалық тексерістен өтпегені белгілі болды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары