Азаматтық қоғам мемлекет бастамасының қолдаушысы да, сыншысы да бола алады – саясаттанушы

26 қараша, 2018, 15:51 1927 Астана
Азаматтық қоғам мемлекет бастамасының қолдаушысы да, сыншысы да бола алады – саясаттанушы

"Қазақстанның Азаматтық Альянсы" ЗТБ вице-президенті, Республикалық "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Досмұхамед Көшім алдағы екі күнде өтетін азаматтық форум туралы айтып берді.

Астанада 27-28 қарашада "Азаматтық қоғам және мемлекет: Сұхбат. Әріптестік. Сенім" деп аталатын азаматтық форум өтеді. Аталған форумның негізгі мақсаты, оған кімдердің қатысатыны, сондай-ақ жиын барысында қандай мәселелер талқыланатыны туралы форумның модераторы, саясаттанушы, "Қазақстанның Азаматтық Альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті, Республикалық "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Досмұхамед Көшім BNews.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне айтып берді.

– Досмұхамед Қалмаханұлы, алда өтетін азаматтық форум барысында қандай мәселелер көтеріліп, талқыға түседі? Жиынға кімдер қатысатын болады?

– Негізі форумда көптеген мәселелер көтеріледі, бірақ мен солардың ең негізгі екі-үшеуін айтып өтейін. Біріншісі, бізде Азаматтық қоғамның даму концепциясы жасалды. Бұл үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғамда алатын орны, ары қарай қандай жұмыстар атқаратынын көрсететін 2019-2025 жылдарға арналған концепция жасалды. Форумда біз соның тұсаукесерін жасаймыз, қарастырамыз, талдаймыз.

Екіншіден, форумға 13 министр келеді және 13 секциялық отырыс болады. Әр салаға қатысты, мысалы, Мәдениет және спорт министрі немесе Денсаулық сақтау министрімен сол бағытта жұмыс жүргізетін үкіметтік емес ұйымдар арасында ашық кездесу болады. Бұл жерде үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы қарым-қатынасты, олардың бірлесе жұмыс істеуінің жолдарын анықтайтын отырыс болады. Мұндай ауқымды жиын бұған дейін болмаған.

Содан кейін 20-ға жуық шетелдік ұйымдар, соның ішінде халықаралық донорлармен, елшілік өкілдерімен, сондай-ақ Еуроодақ ұйымдарымен арнайы әңгіме болады. Өйткені бізге қазіргі кезде халықаралық тәжірибе жинақтауымыз керек, сол бізге соңғы уақыттарда жетіспей жатыр. Жалпы жиынға 850 адам қатысады және Мемлекет басшысы келіп сөз сөйлейді деп жоспарланып отыр.

– "Азаматтық қоғам және мемлекет: Сұхбат. Әріптестік. Сенім" атты азаматтық форумды өткізудің негізгі мақсаты қандай?

– Форумның негізгі мақсаты – белгілі бір саламен, яғни Білім және ғылым министрлігімен сол саламен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды біріктіріп, бірнеше бағыттағы коалициясын құру. Себебі бірлесіп жұмыс істеген жағдайда оның тиімділігі өте жоғары болады.

– Форум Қазақстанға не береді?

– Мемлекет кез келген реформа жасаған кезде қоғаммен, азаматтармен ақылдасуы керек, ал біздің Үкімет, шындығында, кей кезде бұған аса назар аудармайды. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін орын алған жер дауы мәселесі бар, одан қалды қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру барысында халық тарапынан бірқатар келіспеушіліктер болды. Содан кейін көптеген насихаттық топтар құрылып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізе бастады.

Қысқасы, билік халықты көшеге шығармай-ақ, олармен ақылдасып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың сұрақтары арқылы көптеген мәселені шешуге болатынын жақсы түсіне бастады. Соның айқын көрсеткіші ретінде ҚР Қоғамдық даму министрлігінің құрылғанын айта аламыз. Бұл мәселені Президент 2003 жылы "Азаматтық қоғам мемлекеттің серіктесі болуы керек" деп айтқан. Мұндағы серіктестік деген кең ауқымда, біз біріміздің үстімізден біріміз қарап тұрмауымыз керек. Азаматтық қоғам кез келген мемлекеттің бастамасын түсіне біліп, оның қолдаушысы да, сыншысы да бола алады.

– Сіз осы форумнан не күтесіз?

– Мен өзім Үкіметке де, донорларға да бір нәрсені жеткізгім келеді. Қазақтілді үкіметтік емес ұйымдардың әлеуеті мен біліктілігі нашар, олар аз. Осы мәселенің шешімін табу қажет. Себебі азаматтық қоғамның тек орыстілді ғана болуы – қоғамға үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан мемлекеттік тілде қызмет атқаратын ұйымдарды оқыту және олардың әлеуетін арттыруға баса назар аудару керек. Міне осы мәселені шамам келгенше баршаға жеткізгім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар