Әзірбайжан азаматы сканерлеуші құрылғы арқылы өзгенің көлігін қолды еткен

10 қазан, 2017, 12:25 1053 Алматы
Әзірбайжан азаматы сканерлеуші құрылғы арқылы өзгенің көлігін қолды еткен

Ол мұны сырт келбеті автокөліктің қарапайым пультіне ұқсас «код-граббер» құрылғысы арқылы жүзеге асырған, деп хабарлады Алматы қаласының ІІД-нің баспасөз қызметі.

Бұл құрылғының техникалық мүмкіндігі көлік пультінің сигналын сканерлеуге және көшіріп алуға, сондай-ақ сол арқылы көлікті ашуға мүмкіндік береді.

«Жоғарыда аталған құрылғымен әзірбайжандық азамат Алматыдағы Абылайхан мен Қазыбек би көшелерінің қиылысында тұрақта тұрған жеке көлікті ұрлаған. Қылмыскерді өзгенің мүлкін қолды еткендерді әшкерелеу бөлімшесінің қызметкерлері жедел шаралар барысында қолға түсірді. Ұрлықшы қылмыс орнынан ізін суытуды ойлағанымен, одан ештеңе шықпады. Жедел тергеу тобы тінту барысында одан автокөліктен ұрланған видеокамераны, сондай-ақ 200 мың теңге көлемінде ақша тәркіледі. Бұл заттай айғақтар ҚР қылмыстық кодексінің 188 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі және қылмыстық істер материалдарына қоса тілкелген. Қазір оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр. Сонымен қатар, шетел азаматының елімізге келуінің нақты мақсаты анықталуда», - деді Алматы қаласының ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы  подполковник Жанболат Зиадин.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!