Сағынтаев Ақтөбе облысында индустриялық нысандарды аралады - Жаңалықтар | BNews

Сағынтаев Ақтөбе облысында индустриялық нысандарды аралады

13 шілде, 11:59 2503 Ақтөбе облысы
Сағынтаев Ақтөбе облысында индустриялық нысандарды аралады

Елбасы тапсырмасымен Премьер-министр жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында жүр.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ақтөбе облысында индустриялық нысандарды аралап, мемлекеттік бағдарламалардың қалай іске асырылып жатқанымен танысты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Елбасы тапсырмасымен Премьер-министр жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында жүр. Жұмыс сапарының мақсаты – Қазақстан Президентінің "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік", "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" жолдауларының, Бес әлеуметтік бастамасының, сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың өңірде іске асырылу барысымен танысу.

Жұмыс сапары Мұғалжар ауданынының өнеркәсіптік кәсіпорындарын аралаудан, атап айтқанда, Жаңажол вахталық кентінің дамуымен танысудан басталды. Премьер-министрге газ өңдеу зауытында табиғи ілеспе газды өңдеудің автоматтандырылған процесі көрсетілді, осы жерде Алтынды ауылындағы "Altyn EX" ЖШС тау-кен байыту комбинатының және Жаңа таң ауылындағы "Газ процессинг компани" ЖШС газ өңдеу зауыты құрылысының макеттік нұсқалары таныстырылды.

Кейін Үкімет басшысы облыс экономикасының маңызды нысандарының бірі және өңірлік Индустрияландыру картасына кіретін "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ газ өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Жоба "Жаңажол" кен орнында іске асырылған және мұнай дайындауға, ілеспе мұнай газын күкіртті сутегінен және меркаптандардан тазартуға, ал алынған күкіртті сутегінен күкірт шығаруға, сондай-ақ сұйытылған газ алуға мамандандырылған.

Кешеннің басшысы Б. Тасмағамбетов зауыт толықтай автоматтандырылғанын айтты. Газ өңдеу зауытында өндірілетін тауарлық газ "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральді газ құбыры арқылы оңтүстік өңірлерге жеткізіледі, осылайша Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" аясында елімізді газбен жабдықтауға ерекше үлес қосады.

Бүгінде өнім түрлері бойынша өндіріс көлеміне тоқталар болсақ, газ дайындау – 6,5 млрд м3, мұнай дайындау – 3,84 млн теңгені, ал сұйытылған газ өндіру 550 мың теңгені құрайды.

Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Қ. Бекенов Премьер-министрге қолда бар әлеуетті ескере отырып, мұнай-химия зауытын салу міндеті тұрғанын жеткізді, ол Ақтөбе облысының және жалпы Қазақстанның мұнай-химия саласын дамытуға қосымша серпін береді.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы – ірі өнеркәсіптік өңір. Хром қорлары бойынша әлемдік көшбасшы, оның көлемі 400 млн теңгеден асады. Облыс аумағында көмірсутегі шикізатының болжамды қорларының 30% шоғырланған, мұнайдың өнеркәсіптік қоры елімізде үшінші орында. Сондай-ақ, мұнда алтын, күміс, мыс, мырыш, кобальт, каолин, фосфорит, мұнай битумды жыныстар, құрылыс материалдарын шығаратын шикізаттар алынатын ірі кен орындары бар.

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаевқа Алтынды ауылындағы "Altyn EX" тау-кен металлургия комбинатын салу жобасы таныстырылды. Бүгінгі таңда компания Қазақстандағы құрамында алтыны бар ең ірі кендердің бірі – "Юбилейное" кен орнын әзірлеумен айналысады. Бұған қоса, кәсіпорынның құрылтайшысы Е. Достыбаевтың айтуынша, комбинат құрылысы өнімділікті арттырып, сондай-ақ ДОРЕ (қорытпаны алтын кен орындарынан алып, одан әрі тазарту үшін мұнай аффинаж зауыттарына жібереді) алтын-күміс қорытпасын шығарумен селдір кендерді қайта өңдеуге жол ашатынын айтты.

Жаңа өндіріс орнында заманауи технологиялар және алдыңғы қатарлы жоғары өндірістік жабдықтар қолданылатын болады. Өндірістің жылдық қуаттылығы жылына 5 млн тоннаға дейін құрамында алтыны бар кендерді құрайды. Бұл комбинаттың Қазақстандағы құрамында алтыны бар кендерді өңдеуде екінші орында болуына және еліміздің әлемдік алтын өндірісіндегі пайыздық үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылысты 2020 жылға қарай аяқтау жоспарланған. Өндіріс іске қосылғаннан кейін 800 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Сонымен қатар, Премьер-министрге "Gas Proсessing Company" ЖШС іске асыратын Байғанин ауданындағы Қожасай кен орнындағы газды кешенді әзірлеу қондырғысын салу жобасы таныстырылды. Жоба жетекшісі Б. Сақтағанов жаңа қондырғы ілеспе газды өңдеу көлемін арттыруға және жаңа өнім түрлерін өндіруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Жылдық қуаты 300 млн текше құрғақ бензині алынған газды, 37 000 тонна пропан-бутан техникалық қоспасын, 5 400 тонна газ конденсаты және 10 500 тонна күкіртті құрайды.

"Қондырғы өңірдегі экологияны жақсартады. Себебі ілеспе газ алау арқылы жанбайды. Газды кешенді әзірлеу қондырғысының құрылысын биыл аяқтау жоспарланған. Пайдалану кезеңінде 258 жұмыс орны ашылады", - деп хабарлады жоба жетекшісі Сақтағанов.

Айта кеткен жөн, ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі – 36,5%, ауыл шаруашылығы – 4,8%, құрылыс – 5,8%, сауда – 16,8%, көлік және қаттау – 9,1%, ақпарат және байланыс – 0,7%, жылжымайтын мүлік операциялары – 7,1%, тағы басқалары – 19,2% құрайды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: