Бакуде қазақстандық режиссёрдің фильмі арнайы жүлдеге ие болды

19 қараша, 2018, 17:32 1638
Бакуде қазақстандық режиссёрдің фильмі арнайы жүлдеге ие болды

Картина ұзақ жылдар бойы көрмеген әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды.

Режиссёр Берік Жахановтың қысқаметрлі "Асан" фильмі 9-шы Халықаралық Start film festival кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесін иемденді. Фестиваль қарашаның 14 мен 17 аралығында өткен, деп хабарлайды BNews.kz Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген бұл картина ұзақ жылдар бойы көрмеген әкесін ақтық сапарға шығарып салуға жолға шыққан бозбала туралы баяндайды.

"Фестивальге мықты фильмдер қатысты. "Қазақфильм" киностудиясының басшылығы мен Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз. Түсірілім тобын жеңіспен құттықтаймын", - деді әзербайжандық көрермендерге фильмін көрсеткен режиссёр Берік Жаханов.

Биыл фестивальге қатысуға 45 елден 490 фильм ұсыным жіберген. Қабылдау комиссиясының шешімі бойынша негізгі конкурсқа 30 елден 100 фильм қабылданған.

Негізгі конкурсты халықаралық қазылар алқасы мүшелері бағалады: Аяз Салаев (Әзербайжан), Гульбара Толомушова (Қырғызстан), Камбузия Партови (Иран), Тобиас Бюхнер (Германия) және Захра Бадалбейли (Әзербайжан).

Start film festival халықаралық фестивалін Әзелбайжанның мәдениет министрлігі, Жастар және спорт министрлігі, Жас кинематографистер киноорталығы, Әзербайжан жастары және өндірушілер гильдиясы ұйымдастырған. Фестивальдің лозунгы "Фильм туралы жүз рет естігенше, жүз фильм көрген артық".

Естеріңізге сала кетейік, "Асан" фильмі 2017 жылы "Қазақфильм" ұйымдастырған сценарийлер конкурсында жеңімпаз атанып, өндіріске жіберілген болатын. Лента 71-ші Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында көрсетілген.

Сонымен қатар, аталған картина Мұсылман киносы ХКФ қатысқан. III Baikonyr Short Film Festival фильмнің бас кейіпкері (актер Азат Жұмаділ) үздік ер адам рөлі номинациясын жеңіп алды және VI "Үміт" ТМД елдері Жастар киносы Форумында арнайы жүлдеге ие болды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар