"Балапан" телеарнасы көктемгі телевизиялық маусымның бағдарламасын таныстырды - Жаңалықтар | BNews

"Балапан" телеарнасы көктемгі телевизиялық маусымның бағдарламасын таныстырды

13 наурыз, 17:23 1508 Астана

Көктемгі маусымда телеарна контенті ғылыми-танымдық, ақпараттық, отбасылық бағдарламалармен және тікелей эфирдегі ток-шоу секілді ішкі өнімдермен жаңарған.

"Балапан" телеарнасы жаңа тоғыз жобаны көрермен назарына ұсынатын болады. Көктемгі маусымда телеарна контенті ғылыми-танымдық, ақпараттық, отбасылық бағдарламалармен және тікелей эфирдегі ток-шоу секілді ішкі өнімдермен жаңарған, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Атап айтқанда, жаңа маусымда телеарна ғылым саласына ден қойып отыр. IT технологиялардың қыр-сыры мен ғылыми тәжірибелер "Жас ғалым" атты жаңа танымдық бағдарламада көрініс табады. Ал әкесі мен ұлының арасындағы қызықты ойынға құрылған "Бала боп", танымал блогер аналар мен балалары қатысатын "Үйдеміз – үйренеміз" жобалары көрермендерге уақытты тиімді әрі пайдалы өткізудің үлгісін көрсетеді. Сонымен қатар, өнер-білім, спорт салаларындағы үздік балалардың жеңіске жету жолын бақылайтын "Күнделік" бағдарламасы көрерменге жол тартады. Таныстырылған кезекті бір жоба – "Қаламгер кітапханасы". Бұл хабар аты айтып тұрғандай, танымал ақын-жазушылардың кітапханалары мен үздік туындыларының жазылу тарихын таныстырады", - делінген хабарламада.

Жаңа маусымдағы ерекше бағдарламалардың бірі – "Мүмкіндік", жобада балалар бір күнін түрлі кәсіп иелерімен, олардың жұмыс барысымен танысуға арнайды. 

Тағы бір айта кетерлігі, көктемгі маусымда арнаның кішкентай жиһанкез көрермендері "Саяхатшы balapan" жобасына өздерінің шет елге саяхаты жайлы шағын бейнекадрлар әзірлеп, жолдай алады. Осылайша, балалар да арнаның контентін жасауға тікелей атсалысады.  

"Сонымен қатар, телеарна тарихында тұңғыш рет ата-аналарға арналған тікелей эфирдегі "Bala time" бағдарламасының тұсауы кесіледі. "balapan – бақытты балалық мекені" тақырыбында өткен телемаусымның таныстырылымында ұсынылған жобалар 15 наурыздан бастап эфирден көрсетіледі", - деп аталып өткен хабарламада.

Хабарламада іс-шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысқандығы айтылған. Өзінің құттықтау сөзінде Дәурен Абаев "Балапан" арнасының еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеудегі еңбегі зор екендігін атап өтті. Арнаның шығармашылық тобы 7 жылда 300-ден астам тележоба дайындаған. Бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру керектігіне назар аударды.

Ұқсас жаңалықтар