Банктердің шағын және орта бизнеске несие беру жұмысын жандандыру қажет – Назарбаев - Жаңалықтар | BNews

Банктердің шағын және орта бизнеске несие беру жұмысын жандандыру қажет – Назарбаев

16 шілде, 17:36 2123 Астана
Банктердің шағын және орта бизнеске несие беру жұмысын жандандыру қажет – Назарбаев

Мемлекет басшысы Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа Ұлттық Банктің бірінші жарты жылдықта атқарған жұмыстарының қорытындылары жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды BNews.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті қазіргі уақытта валюта-қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау және экономиканы әрі қарай дамыту үшін елімізде қажетті жағдай жасалғанын атап өтті.

"Қазір бізде ұлттық валюта мен экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктер бар. Бірінші жарты жылдықта экономика 4 пайыздан астам өсті. Құбылмалы бағамға көшкеніміз дұрыс болды. Белгілі бір деңгейде ауытқулардың болатынына үйрену керек. Бұл тұрғындардың әл-ауқатына әсер етпейді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті банк секторын сауықтыру үшін қабылданған шаралар жөнінде айтты.

"Мемлекет тарапынан банктерге айтарлықтай көмек көрсетілді. Банк жүйесін қолдау мақсатымен үш триллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, валюталық реттеу және Ұлттық Банктің қызметін жетілдіру мәселелері жөніндегі заңнаманы қайта қарадық. Сондықтан, банктердің экономикаға, соның ішінде шағын және орта бизнес саласына несие беру жұмысын жандандыру қажет", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы тұрғындардың салымдарын адал жұмыс істемейтін акционерлердің алаяқтық әрекеттерінен қорғау мақсатымен Ұлттық Банк төрағасының назарын банк секторының жұмысын ретке келтіру қажеттігіне аударды.

Д.Ақышевтің мәліметіне сәйкес, негізгі көрсеткіштер бойынша, еліміздің қаржы нарығында тұрақты жағдай қалыптасып отыр.

"2018 жылғы маусым айының қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 5,9 пайызды құрады. Бұл – соңғы үш жыл ішіндегі ең төменгі көрсеткіш. Ұлттық Банк инфляция деңгейін 2020 жылға қарай 4 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр", – деді Ұлттық Банк төрағасы.

Данияр Ақышев Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық валюта бағамының өзгеруіне әсер ететін негізгі факторлар жөнінде баяндады.

"Теңге бағамының өзгеруіне әсер ететін негізгі фактор – Қазақстанның сауда-экономикалық нарығындағы валюталық-қаржылық жағдай. Екінші фактор – басқа валюталарға қатысты доллардың бүкіл әлем бойынша нығаюы. Бұл орайда, кәсіпорындар мен тұрғындардың мұндай құбылмалы бағамға бейімделгенін атап өту керек. Жалпы, елімізде шетелдік валютаға деген сұраныстың төмендегені байқалып отыр", – деді Ұлттық Банк төрағасы.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары