Бас прокуратура табиғи ресурстарды заңсыз өндіру жолдарын кесті

18 қыркүйек, 2018, 11:29 1202 Астана
Бас прокуратура табиғи ресурстарды заңсыз өндіру жолдарын кесті

Қоршаған ортаға 1,5 млрд астам теңгеге зиян келтірілді.

Бас прокуратурада өткізілген кеңес барысында жер қойнауын пайдалану саласындағы заңдылықты тексерудің қорытындылары жарияланды, деп хабарлайды BNews.kz ҚР Бас прокуратураның ресми сайтына сілтеме жасап.

Қиыршық тас, құм, топырақ, қара топырақ және басқа кең таралған пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің 700-ден астам фактісі анықталды. Қоршаған ортаға 1,5 млрд астам теңгеге зиян келтірілді.

Мысалы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Павлодар облыстарында 17-ге жуық субъект жер пайдалану құқығын алмастан, табиғи ресурстарды заңсыз өндірген.

Жамбыл облысында "ISS Ingineering" және "Bahon-Строй" компаниялары темір жол және автомобиль жолдарын салу үшін 197 мың текше метр жер қойнауын өз беттерінше алып қойған. Келтірілген залалдың мөлшері 626 млн теңгені құрады.

Прокуратураның ұсынысы бойынша Экология департаменті сот тәртібімен зиянды өндіру шараларын қабылдады.

Алматы, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында 200 жағдай бойынша жер қойнауын пайдалану қызметі экологияға зиян келтіре отырып, қоршаған ортаға шығарылатын эмиссия бойынша уәкілетті органның рұқсатынсыз жүзеге асырылған.

Астананың маңынан заңсыз 54 карьер анықталды, ол жерден шамамен 176 мың текше метр қара топырақ, 38 мың текше метр құм ұрланған.

Мемлекетке 300 млн теңгеден астам зиян келтірілді.

Аталған факт бойынша 11 адамға, оның ішінде ішкі істер органдарының пайдалы қазбаларды ұрлауға  қолдау көрсеткен 5 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергеп-тексерілді. Олардың барлығы сотталды.

Жер қойнауын пайдалану кезінде бұзылған жердің құнарлылығын қалпына келтіруге қатысты мемлекеттік бақылаудың болмау себебінен Ақмола, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қостанай және Қызылорда облыстарында 147 астам субъект жерді қорғау жөніндегі жұмыстарды орындаудан өз беттерінше бас тартқан.

Қазба өндіру жұмыстары аяқталғаннан кейін 5 жыл бойы олар карьерлерді консервациялау және жою шараларын қабылдамайды.

Анықталған барлық заң бұзушылықтар бойынша 62 адамға 6,9 млн теңге сомасындағы әкімшілік айыппұл салынды, 11 келісім-шарт бұзылып, 147 жосықсыз жер қойнауын пайдаланушыны жер қойнауын пайдалану салдарын жоюға мәжбүрлеу туралы 3 талап енгізілді.

Жер қойнауын пайдаланушылардың заңсыз иелігіндегі 82 жер телімін алу мәселесі қарастырылуда.

Мемлекет кірісіне экологиялық зиян, салық және басқа міндетті төлемдер, айыппұлдар ретінде 821 млн теңге өндірілді.

Бас Прокурор Премьер-министрге жер қойнауын заңсыз өндіру әрекеттерін анықтауға, оның алдын алудың тиімділігін арттыруға және жол бермеуге қатысты ұсыну енгізді.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!