Бас прокуратура қазақстандықтарды Әбілязовтің арандату әрекеттеріне ермеуге шақырды

14 маусым, 2018, 10:56 2737 Астана
Бас прокуратура қазақстандықтарды Әбілязовтің арандату әрекеттеріне ермеуге шақырды

Әлеуметтік желілер арқылы Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластары Қазақстан азаматтарын 2018 жылғы 23 маусымда митингтерге шығуға үгіттеуде.

Бас прокуратура әлеуметтік желіде "Қазақстанның демократиялық таңдауы" экстремистік ұйымының арандату хабарламалары мен бейнероликтерінің тарағанын анықтады, деп хабарлайды BNews.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда аталған ұйымның басшысы Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластары Қазақстан азаматтарын 2018 жылғы 23 маусымда митингтерге шығуға шақырады.

"ДВК-ның" идеялары мен митингтерді үгіттеу үшін Әбілязовқа шетелде қазақстандық сот төрелігінен жасырынып жүрген Жанар Ахметова, Бота Джардемали және басқа адамдар көмектесуде. Олардың іс жүзіндегі мақсаты – қылмыстық қудалауды саясаттандырып, Қазақстанда ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін жауаптылықтан жалтару. Жарияланған бейнероликтерді түсіру үшін Әбілязовтың ақшасына Киев қаласында жарнамалық агенттік және азияттық келбеті бар кәсіби актерлар мен модельдер жалға алынған. Негізінде олар Қазақстан Республикасының азаматтары емес. Бейнероликтердің мазмұны шындыққа жанаспайды және қазақстандық қоғамда әлеуметтік алауыздық пен араздықты тудыруға бағытталған. Осы жылдың 12 маусымында YouTube каналында "Мұғалімдер Әбілязовтың митингісіне шығады" деген бейнероликте "қазақстандық жас мұғалім" рөлін Киев қаласында таңдалған актриса ойнаған. YouTube-тың тағы бір бейнематериалында, Қазақстанда жұмыс істейді деген және халықты 23 маусымда митингке шығуға шакырған жас жігіт - Әбілязовтың туған жиені Айдар Амангельдиев болып табылады. Ол Қазақстаннан 2009 жылы көшіп кеткен. Қазіргі уақытта ол Шотландияның қымбат университеттерінің бірі - "Глазгоу Каледонианың" студенті. Бұл университетте жыл сайынғы оқып тұру төлемақысы 20 мың стерлинг фунтты немесе 9 млн теңгені құрайды", - делінген Бас прокуратура таратқан баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетейік, сот 2018 жылғы 13 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының барлық аумағында "ДВК-ның" іс-әрекетіне тыйым салған.

Бас прокуратура "ДВК-ның" экстремистік әрекетіне кез келген қатысу және оны қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258 және 405-баптарына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын қайталап түсіндіреді.

Митингтерге қатысуға шақыру үгеттеулері "Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы" Заңның ережелерін бұзады.

"Ашық акцияларды өткізу үшін 10 күн бұрын тиісті арыз бере отырып, жергілікті атқарушы органның рұқсатын алу қажет. Бүгінгі таңда әкімдіктерге осы жылдың 23 маусымында митинг өткізу туралы арыздар түспеген. Осыған байланысты, митингтер заңсыз болып есептеледі, оларды ұйымдастыру мен оған қатысқаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 488-бабына сәйкес жауаптылық, оның ішінде 15 тәулікке қамауға алу көзделген. "Прокуратура туралы" Заңмен көзделген өкілеттіктерді пайдаланып, барлық  азаматтарды заңдылықты және қолданыстағы қазақстандық заңнаманың талаптарын қатаң сақтауға, арандатушылыққа және құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырамыз", - делінген Бас прокуратураның баспасөз хабарламасында.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар