Баспана алудың жаңа мүмкіндіктері туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары айтып берді - Жаңалықтар | BNews

Баспана алудың жаңа мүмкіндіктері туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары айтып берді

18 мамыр, 18:27 3639 Астана
Баспана алудың жаңа мүмкіндіктері туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары айтып берді

Олег Смоляковтың айтуынша, Мемлекет басшысының азаматтардың баспана сатып алудағы мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бастамасы өте маңызды.

Тәуелсіздік жылдары мемлекет азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша ауқымды шаралар қабылдады және осы мәселеде жеткен жетістіктері де жоқ емес. Бұл туралы бүгін "7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" бағдарламасы бойынша ҚР Парламенті Сенатындағы дөңгелек үстел барысында Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков айтып берді, деп хабарлайды  BNews.kz тілшісі.  

Олег Смоляков көп бағдарлама енгізілгенін, қазір тиімді жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2016 және 2017 жылдары тұрғын үйді енгізудің рекордтық өсімі оларды енгізу табыстылығының көрсеткіші болып табылады. Соңғы 2 жылда елде 21 млн шаршы метр салынды.  

"Осы қарқынды жыл сайын жалғастыру өте маңызды. Бұл экономиканың өсуіне үлес қосады, халық шаруашылығының барлық салаларына қуатты әсер береді. Енгізіліп отырған тұрғын үйге сұранысты ынталандыруға сәйкес келетін шараларсыз құрылыстың экономикалық әсері толыққанды болмайды. Компаниялар жаңасын сала бастау үшін тұрғын үйді тез сатуы, ал халықта осы тұрғын үйді сатып алу үшін түсінікті әрі тартымды тетік болуы тиіс", - деп түсіндірді Олег Смоляков.

Ол Мемлекет басшысының бастамасы кез келген құрылыс бағдарламасы тиімді бола алмайтын сұранысты ынталандыру бойынша жетіспейтін элементті толықтыруға мүмкіндік беретінін баса атап өтті.

"Енді елде тұрғын үй құрылысын мемлекеттік ынталандыру тетіктері мен азаматтарға пәтер сатып алуға қажетті соманың барлығын жинақтауды күтпей-ақ сатып алуға мүмкіндік беретін 7-20-25 бағдарламасы бірін-бірі толықтыратын болады. Бағдарламаны іске қосу құрылыстың барлық аралас салаларын дамыту бойынша кумулятивтік әсерге және нәтижесінде жалпы экономикалық өсімге ықпал етеді", - деді Смоляков.

Смоляков 7-20-25 бағдарламасына тұрғын үйі жоқ адам ғана қатыса алады деп атап өтті. Баспана алғысы келетін азаматтарды жеңілдікті тетіктермен қамтамасыз ету маңызды.

"Әр адамда кредитке қиындықсыз қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін кірісінің болуы тағы да бір маңызды талап болып табылады. Бүкіл бағдарламаның орнықтылығы азаматтардың келешекте өз қарыздарына қызмет көрсету мүмкіндігіне толық байланысты болады. Алғашқы кезеңде біз 7-20-25 бағдарламасына тек бастапқы тұрғын үйді ғана тартуды жоспарлап отырмыз. Кейіннен, даму шамасына қарай бағдарламаны кеңейту мүмкіндіктерін зерделеуге дайынбыз", - деп түсіндірді Олег Смоляков.

Сонымен қатар, ол аталған шараның әлеуметтік бағдарлама екенін және мемлекеттің міндеті азаматтарды бірінші кезекте қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету болып табылатынын, сондықтан тұрғын үйдің шекті құны белгіленетінін атап өтті. Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау сияқты қалалар үшін тұрғын үйдің ең жоғары құны 25 млн теңге, басқа өңірлер үшін 15 млн теңге болады.

"Бұл талаптарды біз бастапқы кезеңде пайымдаймыз. Аталған шектеулер бағаның өсуіне жол бермеуге мүмкіндік береді. Тұрғын үй бағасының алыпсатарлық өсуінің бұрынғы тәжірибесін қайталауға болмайды. Бағдарламаны іске асырудың айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк түсіндіру жұмысына және өңірлердегі тұтынушылармен белсенді түрде өзара іс-қимыл жасауға баса назар аударатын болады", - деді Ұлттық Банк басшысының орынбасары.

Сондай-ақ, Олег Смоляков "7-20-25 Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру" бағдарламасын іске асыру тетігі туралы айтып берді.

"Ұлттық Банкке 7-20-25 бағдарламасын іске асыру тапсырылды және біз оны іске асырудың тиімділігі үшін үлкен жауапкершілікті сезінеміз. Бұл – қаржы нарығының қолданыстағы инфрақұрылымы осындай ауқымды міндеттерді де іске асыруға дайын екендігін көрсету мүмкіндігі. Соңғы күндері банктермен болашақ бағдарлама қалай жұмыс істейтіндігін талқылаудамыз", - деп түсіндірді Олег Смоляков.

Сонымен қатар, ол Бағдарламаны іске асыру схемасы туралы айтып берді.

"Коммерциялық банк қарыз алушыға 7-20-25 схемасы бойынша кредит беретін болады. Кредит тек теңгемен беріледі. Содан кейін бұл кредитті банктен Ұлттық Банктің арнайы компаниясы сатып алатын болады. Коммерциялық банк кредитті сатудан алған қаражатты келесі ипотекалық қарыз алушыларды кредиттеуге жұмсайды", – деп түсіндірді Ұлттық Банк басшысының орынбасары.

Ол Ұлттық Банктің компаниясын қаржыландыру нарық қағидаттарымен ішкі нарықта қаражат тарту есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті.

"Бұл маңызды талап. Жылжымайтын мүлікті 25 жылға сатып алуды кредиттеу сияқты ұзақ нарыққа кіре отырып, тек нарық тетіктерін ғана пайдаланған жөн. Бұл Бағдарламаның болашақтағы орнықтылығын қамтамасыз етеді және мемлекеттен көлемді ақша салуды талап етпейді. Бүгінде нақты қадамдар жасалды. Қажетті заңнамалық түзетулер дайындалды. Операторды, арнайы компанияны құру туралы шешім қабылданды. Ол "Баспана" ипотекалық ұйымы деп аталатын болады. Ұлттық Банк қабылдайтын шаралар Мемлекет басшысының әлеуметтік тұрақтылықты нығайту бойынша қойған міндеттеріне қолжеткізуді қамтамасыз ететініне сенімдімін", - деп қорытындылады сөзін Олег Смоляков.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: