"Бастау Бизнес" бойынша 720 жоба жүзеге асырылды – Евниев - Жаңалықтар | BNews

"Бастау Бизнес" бойынша 720 жоба жүзеге асырылды – Евниев

10 шілде, 17:51 1266 Астана

Сондай-ақ, "Еңбек" бағдарламасы аясында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес жүргізуді оқыту үшін "Бастау Бизнес" жобасы жүзеге асырылуда.

Осы жылы "Еңбек" бағдарламасы мен Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында қазақстандық кәсіпкерлерге 11 мың микрокредит беріледі. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылық вице-министрі Арман Евниев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Еңбек" бағдарламасының екінші бағыты аясында министрлік ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бағдарламаның қатысушыларына, бизнес жобаларды іске асырушы немесе іске асыруды жоспарлайтындарға кредит және микрокредит беру бойынша жұмыстарды жүргізуде. Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру үшін 2018 жылы республикалық бюджеттен кредиттік бюджетке 44,7 млрд теңге, оның ішінде "Президенттің бес әлеуметтік бастамасы" аясында төртінші бастаманы іске асыру мақсатында 13,9 млрд теңге қарастырылған. Көзделген қаражаттан 11 000 микрокредит беру жоспарланып отыр", - деді вице-министр.

Министрдің айтуынша, осы жылдың 2 шілдесіне дейін 2 486 микрокредит берілді.  

"Соның ішінде, 4,9 млрд теңгеге 1 427 стартап жоба, 0,6 млрд теңгеге 78 негізгі кооперациялық жоба, 2,4 млрд теңгеге "Бастау Бизнес" бойынша 720 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ, министрлік "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес жүргізуді оқыту үшін "Бастау Бизнес" жобасын жүзеге асыруда. 2018 жылы "Бастау Бизнес" жобасы аясында 30 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыссыздарды оқыту жоспарымен республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралған, соның ішінде кемінде 6 000 қатысушы бизнесін кеңейту немесе ашуы керек. Қазіргі уақытта 2 ағын аясында оқыту 160 аймақта іске асқан. Екі ағын аясында 12 645 жұмыссыз бен өзін-өзі қамтыған азамат оқудан өтті, оның ішінде облыстық комиссияның алдында 9 049 кәсіпкер өз бизнес жобасын қорғады", - деді вице-министр.

Сондай-ақ, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев 5 әлеуметтік бастама аясында студенттерге арналған жатақхана салу тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатпағанын айтты.

"Жатақхана мәселесіне келетін болсақ, бұл Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының аясында қарастырылған шара. Жалпы, 8 өңірде ғана жатақхана берілген. Бұл Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалалары. Басқа өңірлерде бірде-бір жатақхана, бірде-бір шаршы метр пайдалануға берілмеген. Осыны назарларыңызға алыңыздар", - деді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министр жұмыс нәтижелерін арттыруға баса назар аударды. Үкімет басшысы Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы аясында студенттерге арналған жатақхана салу бойынша жұмыс барысының көрсеткіштерін көтеруді тапсырды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары

Материалды әзірлегендер: