Бекшин: Менингит ауруының тарау деңгейі төмендеді

07 маусым, 2018, 11:46 3584 Астана
Бекшин: Менингит ауруының тарау деңгейі төмендеді

Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды.

Менингококк инфекциясына қатысты әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сенбеңіздер. Бүгінде менингитпен ауыру деңгейі төмендеді, жағдай тұрақталды. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Әлеуметтік желіде менингококк инфекциясына қатысты тараған ақпарат дұрыс емес. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігінің ресми ақпаратына сенулеріңізді сұраймыз", - деді ол.

Осы орайда Жандарбек Бекшин қазіргі таңда менингит ауруының тарау деңгейі төмендегенін атап өтті.

"Қазіргі таңда менингококк инфекциясының тарау деңгейі төмендеді. Егер осыған дейін республика бойынша аурудың тарау деңгейі жоғары болса, бүгінде бұл жағдай қазір тұрақталды. Мысалы, бір аптаның ішінде менингококк инфекциясын жұқтырған 15 жағдай тіркелді. Ал Алматы қаласында 13 дерек есепке алынды. Қазіргі таңда аурудың тарау деңгейі төмендеді. Бұл жағдай бізді қуантады", - деді ол.

Сонымен қатар бас санитар дәрігер Алматыда менингитті жұқтырудың жаңа деректері тіркелмегенін мәлім етті.

"Алматыда 4 тәулік бойы менингококк инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелген жоқ. Қазіргі таңда республика бойынша менингитті жұқтырған 24 адам ем қабылдап жатыр. Оның ішінде Алматыда 12 пациент дәрігерлердің бақылауында. 14 пациент ауруханада емделіп шықты. Бұл – сенімді деректер. Бұл ақпарат ауру деңгейінің төмендегенін көрсетеді", - деп түйіндеді сөзін Жандарбек Бекшин

Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин дәрігерлер арасында менингококк инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелмегенін мәлімдеді.

"Осы жылы дәрігерлерден менингит ауруын ешкім жұқтырған жоқ. Ондай дерек тіркелмеген. Өткен жылы да дәрігерлер арасында менингококк инфекциясы жұқтыру дерегі тіркелген жоқ", - деді ол.

Осы орайда еліміздің бас санитар дәрігері аталған ауруды жұқтырған 3 бала дәрігерлердің бақылауында екенін атап өтті.

"Қазіргі таңда менингококк инфекциясын жұқтырған 3 бала жан сақтау бөлімінде жатыр. Бір бала Алматы облысынан, ал екі бала Астанадан. Алматы қаласында жан сақтау бөлімінде ешкім жатқан жоқ", - деп түйіндеді сөзін Жандарбек Бекшин.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!



Читайте также


Ұқсас жаңалықтар


Материалды әзірлегендер: