Берекелі ауыл белесі

25 қазан, 2018, 09:16 346 Қызылорда облысы
Берекелі ауыл белесі

Қармақшы ауданындағы Ақжар ауылының құрылғанына 60 жыл және  Еңбек Ері, даңқты тракторшы Қасымтай Ізтілеуовтің туғанына 110 жыл толуына байланысты «Құт дарыған алтын бесік – Ақжарым» атты мерекелік шара өтті

Мереке «Ораз ахун ЛТД» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі ғимараты алаңында орналасқан 20 ақшаңқан киіз үйде Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуовтің ұрпақтары мен туысқандарының атпал азамат рухына арнап берілген астан басталды. Одан кейін Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған Бидас Рүстембеков, Берік Саймағамбетов, Шолпан Бимбетова, Майра Сәрсенбаева, Руслан Ахметов, Балтабай Бедебаев, Серік Жақсығұлов, Марат Сүгірбай, Ақерке Өтепбергенованың қатысуымен «Еңбек пен ерліктің ерен үлгісі» тақырыбында  облыстық  жыр фестивалі өтті. Фестивальді белгілі жырау Арнұр Көшенейұлы жүргізді.

Ауылдың спорт алаңында түйе бал­уандар жарысы өтті. Онда 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі 24 жас балуан тартысты белдесу өткізді. Қорытындыда  І орынды жастар арасында самбодан әлем біріншілігі мен басқа да дүбірлі жарыстардың жеңімпазы, байқоңырлық Дархан Сержанов жеңіп алып, осы салмақтағы түйе балуан атағын иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды қармақшылық және жаңақорғандық балуандар Азамат Шәйкөзов пен Әбдірашид Рахманберді өзара бөлісіп, демеушілер тағайындаған сый-сияпатқа ие болды. Мереке аясында ауыл жастары арасында «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Балғабай Тұяқбаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылған кіші футбол жарысының жүлдегерлері «Ақжар», «1993» және «1990» құрама ко­мандаларына  марқұмның ұрпақтары  сый-құрмет  көрсетті.

Екінші күні Сәрсенбай Бөртебайұлы атындағы ауылдық клуб үйінде «Рухы биік Қасымтай батыр» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өткі­зілді. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ақжар ауылының тумасы Темірхан Тебегенов пен Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекова Қасымтай Ізтілеуовтің еңбектегі ерлігі, өнегелі істері жайлы естеліктер, ұйымдастырушыларға алғаусыз алғыстарын айтты.

Ақжар ауылында соңғы жылдары  елді мекеннің әлеуетін көтеруде аудан әкімдігінің  іс-жоспары аясында ілкімді істер атқарылды. Бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Электр бағаналары жаңартылды. Заманауи үлгіде салынған ауылдық клуб үйі ел игілігіне пайдалануға берілді. Балабақша жөндеуден өтті. Ауылдың алпыс жылдық мерейлі тойы аясында елді мекенге орталық алаң салынды. Онда рәміздер, спорт және демалыс, сонымен қатар балалар ойын алаңы бар. Мерейтойға жиналған жұртшылық алаңның ашылу салтанатына қатысты.

Салтанатта аудан әкімі Сұлтан Мақашов Қармақшы өңірі экономикасын нығайтуға, тұрғындарының әлеуетін арттыруға арналған іс-шаралар мен алдағы уақытқа мақсатталған жоспарларды баяндап, той иелері мен қонақтарға өзінің мерекелік лебізін білдірді.

Шарада ғалым Т.Тебегеновтің ауыл  халқының өмірі  мен экономикалық өрлеуі жайлы жазған «Ақжарым – ауылым, ал­тын бесігім» атты тарихи-танымдық кі­табы таныстырылды. Жаңадан ашыл­ған спорт алаңында жайылған боз кілемде түйе бал­уандар бәсекесі өтті.  Талай бай­рақты  бәсекелерде топ жарып, ел намысын қорғаған Марат Баймаханов,  Ержан Абдуллаев, Мақсат Исақабылов, Нұрым Сәлімгерев және басқа да бозкілем шеберлерінің қатысуымен өткен белдесуде М.Баймаханов  жарыстың түйе балуа­ны атанып, ұлағатты ұстаз Шәкизада Шоқбаровтың ұрпақтары тағайындаған жүлдені жеңіп алды.  Ал, қалған екі орынды иемденген М.Исақабылов пен Н.Сәлімгереев   Сақтаған Әлімбаев пен Алтынбек Диқанбаевтардың әулеті тағайындаған жүлдеге ие болса, баспақ көтеру жарысында 100 келілік мүйізді ірі қараны 50 рет дем алмай көтерген Н.Сәлімгереев Тиышбай Ешмұратов атындағы жүлдені қанжығасына байлады.

Ат бәйгесі –  халыққа ең жақын спорт түрі. Бәйге алдымен тай жарысынан басталды. 5 шақырымдық жарыс­та Шиелі өңірінің шабандозы  Еркебұлан Абдуллаевтың «Жеңіс» атты қаратөбелі Әбдіғали Досаев атындағы жүлдені жеңіп алды. Тағы бір шиелілік  шабандоз Байдәулет Сейітжаппардың «Көзайым» атты қаракері (егесі Айдар Жағыпар) және Қазалы ауданының шабандозы Бекзат Жұмалиевтің «Айжарық» атты торықасқасы (егесі Кентай Өрімбаев) жүлделі ІІ және ІІІ орындарға көтеріліп, бірі Өмірбек Кенжәлиев, енді бірі Өтеш Тәжединовтің жүлдесіне ие болды.

Құнан бәйгенің қорытындысымен қызылордалық шабандоз Ақтан Әділет (ат егесі Кентай Игенбаев) бәйгеге тігілген Хамидулла Жұбандықов атын­дағы жүлдені жеңіп алса, екінші қызыл­ордалық шабандоз Рәт Тоқтар мінген «Қарақұс» атты қара құнан  (ат егесі Болат Арыстанбеков) мәреге екінші ке­ліп, Садық Айтұрсыновтың баласы Ғанидың қолынан арнайы жүлде алды. Ал, жаңақорғандық шабандоз Рақымжан Ерсайын мінген «Жұлдыз» атты қара құнан (ат егесі Нұрбол Амантай) Әнәфия Құлпайыстанов атындағы жүлденің иесі атанды.

Аламанда қызылордалық шабандоз  Бауыржан Әубәкірдің «Фаус» атты қара сәйгүлігі (егесі Нағи Қорғанбек)  мәре сызығын бірінші боп сызып, «Ораз ахун ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің  автокөлігіне ие болды. Мәреге «Шамшырақ» атты қаратөбел екінші жетіп, шиелілік шабандоз Еркебұлан Абдуллаев  шаруашылық тағайын­даған 1 млн теңгенің сертификатымен марапатталды. Осы ауданнан келген тағы бір шабандоз Бағ­дәулет Бақытжанұлының «Еркетайы» (ат егесі Алмасбек Арыстанбеков) үшінші орынға көтерілді. Ол да шаруашылық төрағасы Жомарт Жалғасбаевтан 500 мың теңгенің сертификатын алды.

Екі күн бойы ел-жұрт Ақжар ауы­лын­да өткен мерекеден алған әсе­рін осы тойға  түрлі себептермен қатыса ал­маған алыстағы ағайынға айтып жет­кізуге  асықты. Өйткені, бұл тойға әр­бір ауыл тұрғыны, үлкені мен кішісі шет қалмай атсалысты. Ал, қонақтар осындай тағылымды іс-шараны ұйым­дастырушыларға алғыс айтып тарқасты

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!