Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға 2 трлн 600 млрд теңге бөлінеді - Жаңалықтар | BNews

Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға 2 трлн 600 млрд теңге бөлінеді

28 сәуір, 17:11 3822 Астана
Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға 2 трлн 600 млрд теңге бөлінеді

Бұл туралы Қазақстан халықтары Ассамблеясының XXVI-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

ҚР Президентінің "Бес әлеуметтік бастамасын" жүзеге асыруға бағытталған шараларға 2 трлн 600 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының XXVI-сессиясы барысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz.

"Бірден айтайын, мұның бәрі мемлекетке арзанға түсіп отырған жоқ. Барлығы бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыруға 2 трлн 600 млрд теңгені бағыттау жоспарланып отыр. Бұл үлкен қаражат. Бұл біздің азаматтардың болашағына жасалған инвестиция. Жиналған қаржы халық игілігіне бағытталып жатыр. Біздің халық мұны бағалайды деп сенемін", - деді Президент.

Мемлекет басшысы Президенттің бес әлеуметтік бастамасы – бұл әрбір адамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған бес ауқымды әлеуметтік жоба екенін атап өтті.

"Ең бастысы – бес бастаманың барлығы да қоғам мен әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Бейбітшілік пен келісім сарайында Қазақстан халықтары Ассамблеясының кезекті XXVI сессиясы өтуде. Биылғы сессия "Бес әлеуметтiк бастама – қоғамның әлеуметтiк бiрлiгiнiң тұғыры" тақырыбымен өтіп жатыр. 

Сессияның жұмыс барысына 1500 -ден аса адам қатысуда.  Олардың қатарында барлық аймақтардағы ҚХА мүшелері мен ардагерлері, республикалық және аймақтық этномәдени бірлестіктердің  төрағалары, парламент депутаттары, орталық атқарушы орган жетекшілері, саяси партиялар, діни ұйым өкілдері, мемлекеттік емес ұйымдар, жоғарғы оқу орны ректорлары, шетелдік мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, мәдени зиялы қауым өкілдері  мен БАҚ өкілдері қатысуда.

2018-ші жылдың 1 тоқсанындағы мәлімет бойынша Қазақстанда 29 республикалық, 75 аймақтық және  350 жергілікті тіркелген этномәдени бірлестік жұмыс атқарады. Республика бойынша жалпы этномәдени бірлестіктердің саны 1071-ді құрайды.

Сессия соңында мерекелік концерт өтеді деп жоспарлануда.  

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы барысында қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін дамыту үшін жаңа қарқын беруге толықтай дайын екендігін айтты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуiмен өтіп жатқан биылғы сессия "Бес әлеуметтiк бастама – қоғамның әлеуметтiк бiрлiгiнiң тұғыры" тақырыбымен өтіп жатыр.

Президент әлемде өмір сүріп жатқан мемлекеттер жаһандық ғаламда күшті деп саналатынын және "Рухани жаңғыру" мемлекеттік бағдарламасының негізгі мәні сонда жатқанын атап өтті.

"Біз қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін дамыту үшін жаңа қарқын беруге толықтай дайынбыз. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдерде әлеуметтік бірліктің платформасы саналы түрде нығаяды", - деді Мемлекет басшысы.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас жаңалықтар

`

Серіктестер жаңалықтары